«Тіске кірер» жобалар

10 апреля 2014 - Веб-редактор
article3594.jpg

Асыл тұқымды мал өсіретіндерге мемлекет қолдауы орасан

 

Сала министрлігі әзірлеген шебер-жоспардағы «Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қараларды өсіруге арналған репродуктор-шаруашылықтар құрылысы, оларды жаңғырту» бағытына сай, биыл облыста бір ферма пайда болмақ.  

 

«Етті жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіреді» дейді қазақ. Қолға алынып жатқан істер ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге едәуір үлес қосатынына сендіреді. Еттің түске емес, тіске енетін шағы таяды деп жақсыға жорыған жөн шығар, мұндайда. Шебер-жоспардың талаптарымен сәйкесетін шаруашылықта ет бағытындағы 500 бас сиыр бағып-қағылады. Жобаны жүзеге асырушы – Таран ауданындағы «Global Beef» ЖШС. Тиісті ведомство таратқан мәліметке жүгінсек, бұл салаға да берілер көмек аз болмайтын сыңайлы. Инвестициялық субсидиялар 50%, мемлекеттік сақтандыру қоры банкке кепілге қойылған барлық мал-мүлкін сақтандырып, тәуекелдің жарты бөлігін өз мойнына алады. Несиелерінің пайыздық мөлшерлемелері төмендетіледі.

Географиясына қарай, әкелінген асыл тұқымды ірі қараларды субсидиялау көлемі әртүрлі. Елімізден немесе Еуропа мемлекетінен жеткізілсе, әр басына 154 мыңнан, Ресей, Беларусь және Украина сиырларына 118 мыңнан, мұхит асып келген (АҚШ, Каанада, Аустралия) мал басына екі жүз мың теңгеден кем берілмек емес. Селекциялық және асылдандыру жұмыстары үшін бір басқа 20 мың теңгеден келеді. Етті өндіру және тарату ісі де қолдаусыз қалмайтыны белгілі. Тек, мал басы төрт жүз бастан асса жеткілікті. 
 
Ет бағытын «Сыбаға» бағдарламасы да жарылқамақ. Ағымдағы жылы аймағымызда он жобаның іске қосылуы күтілуде. Сала төңірегіндегілер оларға мемлекеттің демеуі аз болмайтынын айтып отыр. Мәселен, табындағы басты «өнім беруші» бұқаны сатып алуға 154 мың теңге, тұқым жаңалау, асылдандыру жұмыстары үшін әр басына 18 мың теңгеден төленбек. Шаруалардың біліктілігін көтеруге де арнайы қаражат бөлінгелі жатыр.
 
Асыл ҚАСЫМ
суретті түсірген 
Василий ВАСИЛЬЕВ 
 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии