Жарыс Тәуелсіздік тойына арналды

14 апреля 2016 - Веб-редактор

Затобол кентінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ересектер мен әйелдер арасында облыс чемпионаты өтті. Жарысқа барлығы он бір команда қатысты.

 


Біріншіліктің салтанатты ашылу рәсіміне ұйымдастырушылардың бірі, Қостанай ауданы бойынша жер бөлімінің басшысы Жақсылық Әкімжанов және самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Мейманбек Төлеп, Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Анатолий Кайда және дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Сидней олимпиадасының қатысушысы Иван Баглаев сынды мақтаулы тұлғалар жиналды.

 


– Қазақ күресінің аяқ алысы қазіргі уақытта біздің облыста жаман емес, – дейді Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Евгений Борисович. – Міне, осы жарыстың өзіне он бір команда жиналып отыр. Бұл дегеніміз ұлттық спорттың келешегі әлі алда. Тек «Қазақстан барысы» немесе «Еуразия барысы» сынды додалармен шектелмей, «Әлем барысы» сияқты жарыстарды ұйымдастырудың өзі қазақ күресінің танымалдығын арттыра түсетіні анық.

 


Айтқан сөзде шындық бар. Сондай-ақ, Қазақстандағы осы ұлттық спорттың жастар арасындағы танымалдығын және келешек ересек спортшыларды әлемдік додаларға әзірлеу үшін республикалық деңгейде «Жас барыс» сайысының жыл сайынғы дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн. Сол жас палуандардың бағы мен бабын сынайтын жарыстарда төбе көрсетіп, жеңімпаз атанып жүрген Абылай Қасымханов сынды мақтаулы жастарымыз баршылық.

 


Тәуелсіздік тойына тарту іспетті жарыстың ашылу салтанатына арнайы келіп, жастардың рухын көтеріп, тебіренте ән шырқаған «Алтын дән» мәдениет үйінің «Шабыт» триосына ерекше қошемет көрсетілді.

 


– Жолдың шалғайлығына қарамастан, жарысқа сонау Торғай, Арқалықтан да қатысушылар келгені қуантып отыр, – дейді жарыстың бас төрешісі Азамат Ерәділов. – Мықтылар ғана жеңіске жетсін деген тілек білдіргім келеді. Әрі осы сайыстарда өнер көрсетіп, аудан, ауылдарының намысын қорғап жүрген жігіттер алдағы уақытта облыс, республикамыздың мақтанышына айналарына еш күмәным жоқ. Айта кету керек, бүгінгі додаға ерлер ғана емес, арулардың да тартылуы ұлттық спорттың аясын кеңейте түсері сөзсіз.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео