Серікбай ОСПАНҰЛЫ: Табиғат бәріне бірдей қарайды, адамдар алалайды

2 апреля 2015 - Веб-редактор
article6345.jpg

Белгілі ақын, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Серікбай Оспанұлы 70 жаста. Мерейтой қарсаңында ақынмен жүздестік. Шығармашылық кештің қарбалас дайындығымен жүр екен. Асығыс болған сұхбатта бірер сұрақ қойып үлгердік.  

 

– Бұл сұрақты басқалар да қойып жатқан шығар, аға, 70 жас қалай екен? Өз шығармашылығыңыздан кемелденуді, толысуды байқайсыз ба?

– Алпыста өзімді қалай сезіндім, сол көңіл-күй. Өзгерген еш-теңені байқамадым. Шығармашылықпен айналысатын адамға «болдым», «толдым» деген ой мүлдем келмеуі керек. Ақындық-тың анықтамасын әркім әртүрлі береді. Мен алпысқа келгенше, «ақынмын» деп айтқан емеспін. Өнерде өз соқпағыңды табу, өз әлеміңді ашу деген бар ғой. Сондықтан «ақынмын» деп айтуға асықпаған дұрыс. Өлең мен поэзияның айырмашалығы бар. Өлең – өз ойыңды ұйқастырып, қалыпқа салып айту, ал поэзияда бәрін образды түрде жеткізесің. 
 
Менің негізгі тақырыбым – табиғат. Табиғат арқылы адам өмірін айту. Түгел өлеңімді тауыспай-ақ қойсын, былтыр жарыққа шыққан «Бұлттың қызыл бұтағы» деген кітабымды оқып көрген адам менің не дегім келгенін түсінеді... 
 
– Сіз Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбеков сияқты ақындармен тетелес бірге өс-тіңіз. «Серікбай ақын болмағанда, сотқар болатын еді» дейтін сол достарыңыз емес пе?..
 
– Иә, Кеңшілік арнау жазған. Менің сырымды жақсы біледі ғой.
 
«Рахмет, поэзия-өлеңге, 
Артық күшті сылып алған денеңде,
Бұлтақ жолға түсірмеді ол сені,
Жібермеді құлдилауға төменге», – деп келетін жолдары бар. 
 
Алтыншы класты бітірген жы-лы Ақшығанаққа (К.Мырзабеков пен С.Тұрғынбеков туған ауыл) қыдырып барғанмын. Сонда олар маған жоламай, мен оларға жақындай алмай кеткен едік. Екеуі менімен сөйлеспейтін шығар деп ойлағам ғой, сөйтсем олар да сөйтіп ойлапты. Кейін жетінші-сегізінші кластан бастап жақын араласа бастадық. Ең алғаш Торғайда кездескенде Серіктің маған балмұздақ сатып әпергені есімде. Ол біздердің қалай танысқанымыз туралы бертінде «Біз үшеу едік» атты мақаласында жазды.
 
Кеңшілік екеуміз Алматыға оқуға бірге бардық. Мінезі қызық еді, шығарма жазудан сынақ тапсырғанда «сен көшіріп аласың» деп қасыма отырмай қойды. Бізге шығарманы қара сөзбен жазуды, өлеңмен жазғандар екі алатынын ескерткен. Бірақ Кеңекең жарық-тық оны елемей, «құласам, өлеңнен құлайын» деп аяқтапты шығармасын. Сөйтіп құлап қалды.
 
Біз «шимайлауды» қаршадай кезімізден бастадық. Аудандық газетте өлеңдеріміз жиі басылып тұратын. Кеңшілік көп сыналып қала беретін, алайда кейін мықты ақын болып шықты. Әдебиетке өзгеше үнімен келді. Басқаға ұқсамайтын өлеңдер жазатын. Өте талантты ақын еді.
 
– Ыбырай Алтынсарин туралы көп іздендіңіз. Былтыр мерейтойына орай бір кітабыңыз шықты. Тағы қандай жаңалықтармен бөліспек ниеттесіз?
 
– Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Ыбырай Алтынсарин мұраларын зерт-теу орталығын ашқанбыз. Биыл екінші жыл жұмыс істеп тұр. Сол орталықта белгілі өлкетанушы Қуаныш Орманов екеуміз еңбек етеміз. Бірталай дүниелерді жарыққа шығару ойымызда бар. Орынбор архивінен көптеген деректерді таптым. Өткен жылы «Ұлы ұстаз ұлағаты» деген атпен таралымы екі мың дана бір жинағым басылды. Оған бірталай тың деректер енгізілді. Мысалы, Ыбыраймен кімдер бірге оқыды, олардың әкелері кімдер, оқуға қалай алынды деген сыңайдағы сұрақтарға жауап таба аласыз. Патша өкіметі Орынбор шекара комиссиясы жанынан 1850 жылы қазақ балаларына арнап мектеп ашқан ғой. Бұл мектепті 1857 жылы бітірген жиырма түлектің ішінде Ыбырайдан бөлек тағы төрт бала үздік оқыған. Сол жиырманың жартысы қарапайым шаруа отбасынан шыққан балалар, қалғандары би-бектердің, бай-манаптардың ұрпақтары.
 
 
Негізі, «Ұлы ұстаз ұлағаты» то-лықтырылып, осымен үшінші рет басылды. Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты музейін ашып қойған. Мұражайды ашуға кімдер себепкер болды, олардың жоғары жаққа жазған хаттары, алған жауаптары, соның бәрі таяуда менің қолыма түсті. Мұ-ның өзі бірталай дүние. Сосын Орынбор, Қазан, Петербор архивтерінен алынған тағы басқа да деректер тұр. Оның шетінен алып, ақырын жариялап та жатырмыз. Жақында «Ыбырайтану» деген екі жүз беттік кітап шығармақпыз. Абайтану 1940 жылы басталыпты. Ал, ұлы ұстаз туралы жүйеленген еңбектер жоқ екен. Біз аталған жинақта Алтынсарин хақындағы мақалаларды, зерттеулерді, са-лынған суреттерді, құжаттарды, тағы басқа да деректерді қайдан табуға болатынын көрсетіп береміз. Еңбектің басылып шығуына ҚМПИ ректоры Қуат Баймырзаев пен әріптесім Қуаныш Орманов та үлес қосуда.
 
– Ғылымға көбірек көңіл бөліп, өлеңді аз жазып жүрген жоқсыз ба?
 
– «Бұлттың қызыл бұтағы» деген кітабымды қайта шығарғым келіп отыр. Табиғат тақырыбы жаза берсең таусылмайды. Көбісі қисық өскен ағашты «биші қайың» деп жатады. Дұрысы – биші емес, бейшара қайың. Ағаш неге түзу өседі? Егер маңайында өскен ағаштар көп болса, күнге тартылып бой түзейді. Ал жалғыз тұрған ағаштар күн қай жақтан түссе сол жаққа майысып, қисық болып өседі. Адамдар да солай. Неге біз бейшараны билеп тұр деп ойлаймыз? Біреуді бұзық дейміз немесе басқа дейміз, бірақ оның неліктен ондай деңгейге жеткенін таразылай бермейміз. Бір нәрсені түзеу үшін неге қисайғанын білуіміз керек қой. Сондай-ақ тамырды алайық, ол жерден нәр алушы ғана емес, ағашты мықтап ұстап тұрушы да. Мен өлеңде ағаштың тамырын айтып отырмын, алайда оның да астарында адамға қатысты ой жатыр. Менің «Тобыл ағады» деген әнімде мынадай жол бар: «Жоқ ешкімге, еш жерге оның алаңы, нәр боп өніп-өскенге Тобыл ағады». Табиғаттың ешкімге алаңы жоқ, бәріне бірдей қарайды. Адамдар алалайды. Біреу қалтасына, біреу шеніне дегендей. «Күн аспанға айқайламай-ақ көтеріледі ғой» деген Ғабит Мүсіреповтің тамаша сөзі есіме түседі осындайда. Ал әтеш таң атпай «кукарекуге» басып, «күнді мен шығардым» деп жарияға жар салады. 
 
– Ән шығаратын өнеріңізді енді естіп-біліп жатырмыз. Қанша әніңіз бар? 
 
– Отыз шақты әнім бар. «Ойлап сені таптым мен» деген әнім қазір жұрт сүйіп тыңдап жүрген Төреғали Төрәлінің репертуарында. Оны ең алғаш Майра Ілиясова шырқаған болатын. Өткен жылы облыстық филармония әншісі Манапбек Кәдіров өзінің шығармашылық кешінде «Тобыл ағадыны» көрермендер назарына ұсынды. «Кездесем ертең» атты әуенімді өңірге белгілі өнерпаз Азамат Мұқатов орындап жүр. Кәсіби сазгер емеспін, нота білмеймін. Кейбір иірімдері келгенде, үнтаспаға жазып аламын.
 
– Сіз туралы оқырмандардың білетіні аз деп ойламаймын. Сондықтан, қазір не істеп жүрсіз, сол жөнінде ғана сұрауды жөн көрдік. Оның үстіне, уақыт та тығыз. Асығыс болсаңыз да, сұрақтарымызға жауап беріп, ой бөліскеніңіз үшін рахмет, аға.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев