Сұраныс қанағаттандырылып отыр

3 апреля 2014 - Веб-редактор

Қыс айларында, әдет­те, малдың сүті азаяды. Дүкен­дерде сүт өнімдерінің бағасы өсіп, оның үстіне тапшылығы білініп қала­тын. Қазір облыста ол күн­дер­дің сипаты ұмытылған. Қыстан қысылмай шықтық деуге негіз бар.

 

Қай дүкенге барсаңыз да Қостанай, Рудный қала­ларындағы сүт зауыттары өндірген сүт, айран, ірімшік, сүзбе, қатық, қойы­тылған сүт секілді түрлі аталымдағы өнімдер толып тұрады, бағасы да өз­гер­мейді. Молшылық. Оның барлығы да сүт бұлағын селдетіп отырған шаруашылықтардың ар­қасы. Зауыттар қанша озық технология пайдаланғанмен сүт мол болмаса не істер еді? Облыста сүт молшылығын жасайтын инновациялық жобалардың жүзеге аса бастағанына алты жыл болды. Федоров, Денисов, Қостанай аудандарындағы «Тұрар», «Сарыағаш», «Садчиков» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жыл сайын өнімді арттырып келеді. Мысалы, өткен жылы «Тұрар» тауарлы сүт фермасы 4000 тонна сүт тапсырған. Әр сиырдан жылына орташа 6 мың литр сүт сауады.
 
Облыста инновациялық тауарлы сүт фермаларының қатары артып келеді. Мы­салы, жақында Федоров ауданында «Бек+» атты тағы бір сүт фермасы жұмысын бастады. Қазір бұл шаруашылықта мың қаралы сиыр ұсталады. Мұхит асып келген сиырдың қашарлары Тоғызақ жерінде төлдеп жатыр.
 
– Біз Америкадан алып келген ірі қараның голш­тин-фриз тұқымы күй тал­ға­майды. Өзге құрлық­тан әкелінгенімен тез арада жерсінді, оның бағымында да, саууында да соншалықты өзгешелік жоқ. Қорегі қандай болса да, сүтінің құнарын жоғалтпайды. Майлылығы да, ақуызы мен тығыздығы да қашанда бірқалыпты. Сүтінің молдығымен қатар сапасы да қуантады, – дейді «Бек+» шаруашылығының зоотехнигі Евгений Павлов.
 
Сиыр тұратын, сауылатын қоралардың барлығы түгел неміс жабдығымен жаб­дықталған. Мал қора де­месең, тазалығы мен жы­­лы­лығында мін жоқ. Қыс­тағы қақаған аязда малға қажетті температура ұсталады. Сиырлардың тезегіне дейін тоқтың күші­мен тазартылады. Яғни, мал қорадағы жұмыс қол күшін аса қажет ете бермейді. Мал ша­­руашылығының дамуы­­­на айрықша ден қою үшін міне, осындай заманауи қондырғылар қажет. Сиыр­лар компьютерленген құ­рылғымен сауылады. Техника тілін меңгерген маман­дар сүт сауу жұмысын компью­тер арқылы бақылап тұрады.
 
– Бұрын бәрін қолмен атқарушы едік. Енді міне, жаңа технологияға иек артамыз. «Карусельдің» бір айналымына бір мезгілде 36 бас сиыр жіберіледі. Небәрі 4 сауыншы бір сағатта 280 бас сиырды сауып үлгіреді. Бұрын мұндайды ойладық па? – дейді бізбен әңгімелескен ферманың сауын операторы Ирина Рупп таңданысын жасыра алмай.
 
Қазір мұнда күніне 6 тонна сүт өндіріледі. Жоба толық қуатына енгенде тәулігіне 8 тонна сүт өңдеу цехына жол тартатын болады. Әрбір инновациялық-инвестициялық жоба сол елді мекен үшін жаңаша серпін әкелетіні анық. Федоров ауданындағы Қор­жынкөл ауылында да бірталай жаңа үйлер бой көтерді. Ел өміріндегі мұн­дай елеулі өзгерісті жергілікті тұрғындар мемлекет басшысы ұстанған саясаттың нәтижесі деп біледі.
 
– Елбасы Нұрсұлтан На­зар-баев Жолдауында ауыл шаруашылығын да­мы­туға көп көңіл бөледі. Ауылда малдың қарасы көбейсе, ол асылдандырылса, орта және шағын бизнес дамыса ауыл да көркейеді. Сондықтан, жер­гілікті жерлердегі ірі бизнес құрылымдары да өздері тұрып жатқан елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөле бастады. Соңғы жылдардың өзінде ауылдың дамуы, оның әлеуметтік тұр­мысын жақсарту үшін біраз шаралар жүзеге асты. Мәселен, ауылда үлкен ферма ашылып, жүзден астам адам жұмыспен қамтылды. Мамандарға арналған тұр­­ғын үй салынып жатыр, – дей­ді Қоржынкөл селолық окру­гінің әкімі Ердан Әбдірахманов.
 
Елбасы биылғы Жол­дауында қаражат тиім­ді шарттар арқылы шаруа­лардың қолына делдалдарсыз жету керек деп қа­дап айтты. Мал сапасын жақсартамын дегендерге мемлекет жәрдемін аяған емес. Өткен жылы өңірдегі тауарлы сүт фермаларының мемлекеттен алған көмегі 580,3 миллион теңгені құраса, биыл оның көлемін 644 миллион теңгеге ұлғайту көзделген. Бүгінде облыстағы ірі қара саны 400 мыңға жуықтады. Сондай-ақ, алдағы жылы ірі фермалар ғана емес, ұсақ қо­жалықтарға да жәрдем ұл­ғай­мақ. Осы жылы облыста әрқайсысы 100, 200 бас­тан сиырлар ұстайтын 16 шаруа­шылық ашылатын болады.
 
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
 
 
 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии