Сөз-дода: «Сен тұр, мен атайын!»

7 апреля 2016 - Веб-редактор
article9988.jpg

Қостанай облысынан арнайы іріктелген пікірсайысшылар Астана қаласында өткен «Көшпенді көгі» атты халықаралық дебат турнирінен олжалы оралды. Назарбаев Университеті ұйымдастырған сөз-додада жерлестеріміз 2-орынды қанжығаларына байлап, Қостанайға келді. 

 

 

Халықаралық пікірсайысқа 56 команда қатысты. ТМД көлемінде ерекше құрмет пен жоғары бағаға ие Мәскеуден келген Роберт Устян және Шамхал Муратазалиев турнирдің бас төрешілері болды.

 


– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – дейді халықаралық турнирде облыстың намысын қорғаған Әнуар Бұқабаев. – Әсіресе, қазылар алқасының әділ төрелігі мен әр раундтың сауатты ұйымдастырылғаны қуантты. Жарыс халықаралық деңгейде ұйымдастырылғандықтан, Қырғызстаннан да көп команда тартылды. Бауырлас топтармен келген күннің алғашқысында-ақ шүйіркелесе кеттік.

 


Бұл халықаралық пікірсайысқа қатысамын, өз шеберлігімді байқатамын немесе басқа сөз-дода топтарының шамаларын көргім келеді деген ниеттілірге шектеу қойылмаған. Яғни, тісқаққан кәнігі пікірсайысшылармен қатар енді ғана қызығын көріп жүрген жастар тобы да қатыстырылды. Сондықтан, жарыстың мейлінше әділ өтуі, әрі шетқақпайлық болмауы үшін, ұйымдастырушылар ақтық кезеңді екіге бөлді. Біреуінде бұрыннан сөз таластырып жүргендер бақ сынаса, екіншісінде дебат атты әлемге келгендеріне бір жылдан аспаған «бала шеберлер» өзара мықтыларды анықтады.

 


Екінші топта барлығы 20 команда қатысты. Дәл осы деңгейде А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің «Ахмет ұрпақтары» тобынан Қостанай облысының намысын Азамат Қамза және Әнуар Бұқабаев қорғап, екінші орынға орнықты. Бірінші орынды Қырғызстаннан келген пікірсайысшылар еншілеп кетті. Екінші орын да халықаралық деңгей үшін жаман емес. Бұл көрсеткіш өз кезегінде астықты өлкеде сөз барымтасында қарымта қайтара алар қауқарлы шеберлер мектебі қалыптасқанының айғағы.

 


– Әрине, қуанышымызда шек жоқ, – дейді «Ахмет ұрпақтары» тобының мүшесі Азамат Қамза. – Біз қатысқан топ дебаттың бірінші сатысы десе болады. Бірақ мұнымен шектелмесіміз анық. Тек, алдағы уақытта ұйымдастырылатын жарыстарға қатысуға демеушілік жағы артса екен деген ниетіміз бар. Дебат жай ғана сөз, пікір таластыру емес, оның мәні мен адами, азаматтық принципті қалыптастыруда атқаратын орны ерек. Шешендік қасиеттің ұшталуына жағдай жасайтын, қоғам алдында жауапкершілікті сезіне тұрып, көпшіліктің ортасында өз пікірін жасқанбай жайып салуға септігін тигізетін мектеп десе болады.

 


Облыстың намысын халықаралық деңгейде қорғаған қос жігітпен сұхбаттасып үлгердік.

 


– Осындай деңгейдегі жарысқа алғаш қатысуларың ба?

 


– Иә, бірінші рет қатысып тұрмыз. Дебаттың құдіретіне, пікірсайыстың адамға қалай әсер ететініне көз жеткіздік. Әлбетте, жаңа достармен де қауыштық. Жастық шақта осындай жарыстарға жиі қатысудың өзін бір ғанибет деп білеміз.

 


– Дебаттың қоғам үшін пайдасы не? Пікірсайысты босқа қызыл кеңірдек болу дейтіндерге не деп жауап қатарар едіңдер?

 


– Осы жолды таңдаған соң жақтап шыққандары деп қалуларыңыз әбден мүмкін. Бірақ, пікірсайыс клубына кіремін, жарыстарға қатысамын деп келген жастарға өзіміз арнайы тренингтер ұйымдастырамыз. Сол талқылау алаңында әлбетте, сіз қойған сауал өзекке айналады. Дебат – сауатты ашық алаңда белгілі бір тақырып төңірегінде ұйымдастырылатын сөз додасы. Жай ғана қызыл кеңірдек сөз таластарынан әр спикерге берілетін уақыт және белгілі бір ережелерімен ерекшеленеді. Бір жағынан бұл сауалдың дауы бір-ақ күнде таусыла салатын дүние емес. Бастысы, пікірсайыс барысында тек өз ойыңды білдіріп қана қоймай, сол пайымыңды, толғамыңды тұшымды деректермен шегелей түсу – негізгі талап. Сөз-доданың кереметін сезіну үшін әуелі, кем дегенде, бір-екі турнирге қатысқан жөн.

 


– Осы халықаралық турнирде қай топтарға жоғары баға берер едіңіз?

 


– Турнир орыс тілінде өткендіктен, Ресей жақтан келген командалардың мысы басым болды. Әрі кез келген тақырыпта келтірер логикалық дәлелдерінің шапшаңдығы, нақтылығы тәнті етті. Олардан үйренеріміз көп.

 


– Бұл пікір жарыстыру турнирлеріне қатысушылардың жас шектеулері бола ма?

 


– Жоқ. Мысалға, біздің «Ахмет ұрпақтары» клубының дайындықтарына бұрынғы құрамның мүшелері әлі күнге келіп тұрады. Жай ғана тамашалау немесе жастарды шамалау емес, кәдімгі клубтың ішіндегі турнирлерге белсенді түрде қатысатындар жетерлік. Жас шамалары отыздан асып кеткендері де бар. Соған қарағанда, бұл дебаттың жас талғамайтынына күмән жоқ.

 


– Жеңістеріңізбен тағы да құттықтаймыз!

 


– Рахмет!

 

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген ұйымдастырушылар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео