«Ақ қауырсын» артқан үміт ақталуда

7 апреля 2016 - Веб-редактор
article9990.jpg

Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының негізінде құрылған «Ақ қауырсын» әдеби клубы шығармашыл жастардың түбітқанат туындыларын талқылап, кеңес беріп, ерекше қызмет атқарып жүр. Жұмыстың нәтижесін, әрі жазарман жастардың қаламын ұштай түсу үшін ақындар диалогын ұйымдастру дәстүрі қалыптасқан.  

 

 

Абылай Мауданов пен Нұрболат Мешітбаев, Жандос Жүсіпбеков пен Қасқырбай Қойшыманов сынды аттары оқырман қауымға таныс жас ақындардың шағын шығармашылық кештері де осы әдеби клубтың бастамасымен өткені рас. Осы жолы Нұрсұлтан Қасым мен Нәрия Ақбабақызының диалогы өтті.

 


Клуб мүшелерінің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде әдеби бірлестікке енетін шығармашыл жастардың саны отыздан асып кеткен. Әр жексенбі сайын кітапхананың қонақжай бөлімінде арнайы жиындар ұйымдастырылып тұрады. Негізгі мақсат – апта ішінде кім не оқыды, не жазды, соның барлығын ортаға салу, талқылау немесе сол күні белгілі бір тақырып төңірегінде әрқасайсысы бір-бір өлеңнен шығарып келеді.

 


Бұл бірлестікті құрғандағы мақсатымыз – Қостанай қаласында шағын да болса әдеби орта қалыптастыру, – дейді «Ақ қауырсын» клубының жетекшісі Нұрқанат Құлабаев. – Біріншіден, қазір жазарман жастар жеткілікті, бірақ олардың қандай бағытта қаузап жатқаны алаңдатады, сол тұсты үнемі қадағалау аға буынға міндет. Екіншіден, жастардың басын түйістіріп, белгілі бір тақырып төңірегінде өлеңдерін оқыту арқылы өзара бәсекелестік қалыптастыру қажеттегі бар. Бір-бірімен жарыс отырып, қай-қайсысы болса да қайрала түсетіні анық.

 


Кездесуге оралатын болсақ. «Жастар жырлайды» шарасына алдыңғы буын өкілдерінен Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов сынды кісілер арнайы келді. Өлең тыңдаймын деп ынтыға келген жастар да көп. Кеш бағдарламасы «Таныстыру», «Талантты жастар» атты электронды презентация, «Жас ақындар айтысы», «Жас ақындарға ғибрат сөз» сынды бөлімдерден тұрды. Нәрия мен Нұрсұлтан өздерінің туындыларын оқып, қазіргі шығармашылық қарқындары мен бағыт-бағдарларын аңғартты. Сондай-ақ, қыз бен жігіт айтысының тамаша көрінісін паш етті.

 


Осындай шараны үзбей ұйымдастырып, біздей жастардың бір серпіліп қалуына мүмкіндік жасап жүрген «Ақ қауырсын» клубына ерекше алғыс айтамыз, – дейді жас ақын Нұрсұлтан Қасым. – Бұл кеш ерекше өтті. Әсіресе, замандастарымыздың қойған сауалдары мен тілектері ерекше толқытты. Әлбетте, шағын шығармашылық кешімізге Нағашыбай, Ғұмар ағаларымыздың келуі төбемізді көкке жеткізді.

 


Кеш соңында «Ақ қауырсын» әдеби бірлестігінің мүшелері мен жастар естелік суретке түсіп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.

 

 


Нұрқанат ОМАРҰЛЫ
суретті түсірген ұйымдастырушылар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео