Ақын әлемінде бәрі бар

26 марта 2015 - Веб-редактор

Қамысты ауданының тілдері оқыту орталығында Наурыз мейрамына орай, 9-11 сынып оқушылары арасында «Абай әлемі» атты аудандық байқау болып өтті. 

 

Байқаудың мақсаты: Абай шығармашылығын насихаттау арқылы жастардың қазақ тіліне, әдебиетке деген ықылас-ынтасын жандандыру, отансүйгіштік сезімді арттыру. Қатысушылар өздерін таныстырып, Абай шығармаларын жатқа оқып, әндерін шырқады. Әділ қазылар алқасы үміткерлердің көркем мәтінді таңдауы және оқу шеберлігіне, әнді нақышына келтіріп орындауына, сахна мәдениетіне, ұлттық киім үлгісіне назар аударды. Сайыс қорытындысында бірінші орынды Гүлмарал Жүнісбаева (№2 Қамысты орта мектебі), екінші орынды Индира Абдрахманова (Қарабатыр орта мектебі), үшінші орынды Жансая Ғарифулла (Қарабатыр) 
иеленді. Орыс тілінде оқытатын мектеп оқушылары арасынан Айдана Қуанышбаева (Алтынсарин орта мектебі) топ жарды. Екінші жүлде Шынар Жалғасбайға (Алтынсарин) бұйырса, Наргиз Оспанова (№1 Қамысты орта мектебі) үштікке ілінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар, сыйлықтар табысталды.
 
– Абай атамыздың шығармалары біздің еңбекті сүюге, ақылды болуға үндейді. Мен байқауға дайындала жүріп, білім мен ақыл-ой кенішіне кенелдім. Өзіме керек сөздерді көкейіме тоқып алдым, оны алдағы уақытта қолданамын, – дейді жеңімпаздардың бірі Гүлмарал Жүнісбаева. 
Тілдерді оқыту орталығы мамандарының айтуынша, мұндай мағыналы шаралар әлі де өткізіліп тұрмақ.
 
Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ
Қамысты ауданы 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео