Бақытқа бастайтын баспана

27 марта 2014 - Администратор

Қостанай қаласында «Аналар үйі» ашылды. Барар жері, басар тауы қалмаған жас аналар мұнда бір жарым жыл тұра алады.
 

Елімізде бұл бастама Ақтөбе облысынан басталған еді. Біздің өңірде де тірі жетімдерді болдырмау үшін осы әлеуметтік жоба қолға алынып отыр. «Аналар үйіне» жергілікті кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетеді.


Қазір үш қабатты коттедж сәбилі жеті ананың жайлы баспанасы. Барлық жағдайлары бар. Керек-жарақтармен, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Бұл үйде балалар ғана емес, олардың тығырыққа тірелген жас аналары да мейірім шуағына бөленеді. Теріс жолға түскені болса, дұрыс бағытқа жөн сілтейтін мекен. Жоба авторлары айтады: мұнда келген әр ананың көзқарасы өзгеріп, өмірге деген құлшыныстары арта түседі.


Көңілге бір кірбің ұялататыны – біздің қоғамда оң босағада отырып, жүкті болып қалған қыздардың көбеюі. Некесіз туғандардың көбі балаларын тастап кетуге бейім тұратыны рас. Сондай келеңсіздіктерді болдырмауға «Аналар үйінің» септігі мол болады деп иландырады бастаманың болашағына сенетіндер.

Жансая Қасымбекова – осы үйдің тұрғындарының бірі. Жас ана жұбайымен ұғыныса алмай, ақыры, бес айлық ұлы Ерназарды құшақтап осында бет алды.


– Бұл үйге келгеніме қуандым. Маған, ең бастысы, баламның ең алғашқы қадамдарын көру болды. Сондықтан осы жерге келуге шешім қабылдадым, – дейді ол.


Мұнда екі апталық нәрестесімен жеткендер де бар екен. Бала күтіміне бүкіл жағдай жасалғандықтан, аналары алаңсыз. Жандарында ақыл-кеңес беріп отыратын екі тәрбиеші бар.


– Өзімнің қыздарымдай болып кетті. Балаларға әже, қыздарға ана боламыз. Үйде өз балаларыммен қалай сөйлесем, мұнда да өзімді солай ұстаймын. Балалары жақсы өсіп келеді. Қыздар да жақсы жағына өзгерді. Мұнда бәрі үйдегідей екендігі байқалады. Киер киім, ішер ас тегін, – деп тәптіштейді тәрбиеші Ардақ Әлібекова «Аналар үйінің» атмосферасын.
 

Жас аналармен аптасына екі мәрте психолог маман әңгімелесіп тұрады. Тағдырынан теперіш көрген әйелдер қоғамнан шеттемеуі тиіс. 
 

– Егер ана өз баласымен бір жарым жыл бірге тұратын болса, сәбиінің бал қылықтарына елітіп, әбден бауыр басады. Мұнан кейін баласынан бас тартуы қиындайды. «Аналар үйі» де осы мақсатта ашылды, – дейді «Аналар үйі» жобасының солтүстік өңірлер бойынша үйлес-тірушісі Мира Қаракузеева.


Қазіргі таңда Қазақстандағы «Аналар үйі-нің» саны оннан асып жығылады. Жылулыққа толы мұндай үйлер келешекте республиканың өзге өңірлерінде де ашылмақ. Сонымен қатар, жоба авторларының жоспарынша, жас аналар үшін тегін кәсіптік оқу курстары ұйымдастырылатын болады.


Асыл ҚАСЫМ

 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии