Ақынның мерекеге тартуы

27 марта 2014 - Администратор

Жігітке жеті өнер де аз. Ақын, ғалым, ұстаз Серікбай Оспанов жақында жерлестерін сазгерлік қабілетімен де таңғалдырды.
 

Қостанайлық серінің «Тобыл ағады» атты әні Наурыз мерекесі қарсаңында тыңдарманға жол тартты. Ақын Серікбай Оспановтың есімі жұртшылыққа етене таныс. Облыс тұрғындары білгенімен, еліміздің басқа аймағындағы оқырмандар оның ұсталық қасиеті жайлы біле бермейді. Шағын шеберханада оның қолынан шыққан талай бұйымдар көптеген көрменің сәні болып жүр. Поэзия әлемінде де, қолөнерде де өз орны бар ізденімпаз жан бесіктің құралмалы түрін қолданысқа енгізген.
 

Серікбай аға жасаған домбыраларды өнер адамдары қалап алып жатады. Шебер оның сырын музыкалық аспаптарды жанымды салып жасауымда деп отыр. Осы уақытқа дейін 300-ге тарта әнге сөз жазған ақын жақында өзі де ән жазды. «Тобыл ағады» деп аталған осы туындыны облыстық филармонияның әншісі Манапбек Кәдіров тыңдарман алдында алғаш рет орындады. Ән өте сәтті шыққан, кәсіби композиторлардың шығармаларынан кем емес.
 

– «Тобыл ағады» әнін Серікбай ағамыз осыдан жарты жыл бұрын маған айтып жүрді. Туынды туралы айтсақ, бұл – диапозоны кең ән. Әнге өте терең дайындықпен келдім, – дейді Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манапбек Кәдіров.
Қостанайлық ақын шығармашылыққа келгелі қырыққа тарта кітапты оқырманға ұсынды. Сыр-шыл өлеңдерден бөлек, ол оқулықтар да жазды. Ақындық пен ғалымдықты, ұстаздық пен ұсталықты ұштастырған тұлға ізденіс үстінде. Қостанайлықтар сегіз қырлы өнер иесінен сүбелі дүниелер күтеді.


Абылай МАУДАНОВ

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии