Ғасыр жасаған ана

27 марта 2014 - Администратор

Қалам-Қарасу ауылдық округінің тұрғыны Байғозина Қаниза Сейдазымқызы таяуда 100 жасқа толды. Кейуананың туған күні халықаралық әйелдер күнімен сәйкес келді.


Жангелдин ауданы әкімі Асқарбек Кенжеғарин мен орынбасары Түбекбай Әубәкіров ғасыр жасаған әжеміздің шаңырағына арнайы бас сұғып, иығына зерлі қамзол жауып, сый-құрмет көрсетті. Ізгі тілектерін білдіріп, ақ батасын алды.
 

Қаниза Сейдазымқызы 1914 жылы 8 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген. Қаршадайынан еңбекке араласқан ол әкесіне көмектесіп, өгіз айдап, жер жыртып, егін егіскен. Бойжеткен шағында Байғозин Төлеу әкемізбен көңіл қосып, шаңырақ көтерді. Арада бірер жылдар өткенде талай отбасына қайғы-қасірет әкелген сұм соғыс басталды. Елдегі бетке ұстар, жұмысқа жарамды азаматтардың бәрі Отанды қорғау үшін соғысқа аттанды. Солардың ішінде Төлеу де болды.
 

Ол кез қарап отыратын уақыт па? Ауылдағы барлық бейнет Қаниза секілді қыз-келіншектер мен жасы ұлғайған кісілердің мойнына жүктелді. Таңның атысынан күннің батысына шейін ер азаматтарша белді бекем буып, шаруашылықтың қайнаған ортасында жүруге тура келді. Еңбекпен шыңдалды. Уақытпен санасу дегенді білген жоқ. Жыл он екі ай барлық жұмыстарға белсене араласып отырды. Маңдайдан тер, көзден жас ақса да, өз істеріне адал болып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн қатып, түн қатып сарыла еткен еңбектері ақталды. Шаңырағын шайқалтпай, таза сезімнің жы-луымен жылынған отау отын сөндірмей, баласына қамқор бола білген аяулы ана бүгінде зор құрметке ие. Қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген әжеміз Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен. Қысқасы, кейуананың өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлкен тәлім-тәрбие мектебі.
 

Құлағының ауырлығы болмаса, әженің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Соғыс жылдарында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жалғыз қызы Салиқаны ешкімнен кем қылмай бағып-қағып жеткізген. Осы Салиқа апамыздан туған жеті баладан 24 шөбере, 12 шөпшек сүйген ғасыр құрдасының ендігі тілегі – елдің өсіп-өркендеуі, халықтың амандығы.


Аузынан бірауық «айналайыны» түспейтін, бүгінде немере, шөбере, шөпшектерінің ортасында асқар таудай болып отырған Қаниза әжеміз күйеу баласын ұлындай, келінін қызындай көріп, оларға да тәрбие, өнеге беріп отыған әзиз ана. Күйеу баласы Миясар: «Қариялар қай шаңырақтың да ырыс-берекесі, алтын қазынасы ғой. Ғасырдан асып отырған анамыз біздің шаңырағымыздың ажары, көркі. Сондықтан да болар, көп жылдар бойы бір сөзге келмей, бір үйде жарасымды өмір кешіп жатырмыз. Оның үстіне, апамыз көпті көрген, жақсы мен жаманның парқын білетін алтын адам. Оны мен енем емес, анам деп есептеймін. Қазір менің үйімнің берекесі де, ақылшысы да сол кісі», – деп ағынан жарылды.
 

Ауылдастары әженің ұзақ жасауын оның адалдығымен, кеңпейілділігімен байланыстырады. «Әжеміз ешқашанда біреуге таршылық жасап көрген емес. Келген қонағын жылы қабақпен қарсы алып, барын алдына қояды. Балаларын да солай тәрбиелеп өсірген» дейді жұрт.
 

Қаниза әже «жүзге жеткің келсе, барша адамдармен тату-тәтті бол» деген кеңес айтады. Тірліктің шырмауына шырмалмай, түзу жүріп-тұру көбімізге керек-ақ қасиет. Бұл тұста жүздегі анадан үйренеріміз көп-ау.


Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жангелдин ауданы

 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии