Өнегелі өнер ордасы

30 марта 2017 - Веб-редактор
article13325.jpg

27-ші наурыз күні әлемнің түкпір-түкпірінде театр күні аталып өтті. Бұл айтулы дата тек театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесі. Сондықтан осындай ерекше күнде де облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының сахна саңлақтары көрермендерге қалтқысыз қызмет етуден жалықпай, өзбек драматургі Еркін Құшуақтовтың лирикалық комедия жанрындағы «Қызыл алма» пьесасын сахналап, өздерінің кәсіби дәрежелерінің жоғары екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.  

 

 

Аталмыш мәдени-сахналық мекеме 2000 жылдың 14-ші қыркүйегінде ашылған. Алғашқыда ұжым негізін Алматыдағы өнер академиясының түлектері және Қазақстанның мәдениет қайраткері Қ.Есенқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ш.Есенқұлова, актерлер О.Мұқашев, М.Жапаров, А.Қасымова, Л.Едіресова, Қ.Бегайдаров, З.Балтабаева, З.Әбдіхалықова сынды талантты жандар құраған. Халықаралық театр күнінде қолдары босай бермейтін мұндағы майталмандармен тілдесуге де мүмкіндік туды.

 


– Бізді алғаш Мәскеу қаласына актерлық білім алуға Ілияс Омаров ағамыз жіберген болатын, – дейді театр әртісі, ҚР мәдениет қайраткері Қайыпберген Есенғұлов. – Ілияс ағамыздың арқасында сол қалада бес жыл оқып, Торғайға келіп облыстық драма театрын аштық. Ол кезде Торғай облыс еді. Мұнда Мәскеуді тәмәмдаған өзім қатарлас бірқатар әртістер біраз жыл өнер көрсетті. Кейіннен облыс жабылып, бізді алдымен Арқалық қаласына, содан соң Жезқазған қаласына, ондағы театр жабылған соң, Орал қаласына жіберді. Сол драма театрда қызмет істеп жүрген кезде, телеграммадан Қостанайда Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры ашылғалы жатқаны туралы хабар келді. Бізді оқуға жіберген ағамыздың аты берілгелі жатқан соң жолдасым екеуіміз бірден осында келдік. Осы қара шаңырақта «Айман-Шолпан» спектаклінде зайыбыммен басты рөлдегі кейіпкерлерді сомдадық. Жан-жақтан талантты әртістер жиналып, бірқатар қойылымдарды сахналадық. Ойлап қарасам, осы театрда жүргеніме 17 жыл болыпты. Сол жылдар ішінде «Әке тағдыры», Мариям Хакімжанованың 100 жылдығына арналған «Мәншүк», «Құдалар», «Бір түп алма ағашы», «Күшік күйеу», Ыбырай Алтынсарин туралы «Дала шамшырағы» сынды қойылымдарды қоюшы режиссерлік және актерлік қызмет екеуін қатар алып жүрдім. Бірнеше жыл әртістік қызмет еткенде өзіме ең жақын, маған ұнайтын кейіпкерім белгілі драматург Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» пьесасындағы Ақылбек қарияның рөлі. Жоғарыда аталған қойылымдардың барлығы дерлік халықтың көңілінен шығып, әлі күнге дейін сахна төрінен түскен емес. Театрға жиналған қауым мұнда рухани тазару үшін, тәлім-тәрбие алу үшін, қазақша үйрену үшін келеді деген ойдамын. Сондықтанда театр әлі де жасай бермек, алда талай қызықты қойылымдарды сахналайтынымызға сенеміз.

 


Облыстық қазақ драма театрының ұжымы осы күні керемет көңіл күйде болып, әріптестер бір-бірлерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сөйтіп, сахна сыртында өздерін күтіп қалған қалың көпшілікке «Қызыл алма» пьесасын қойып, астарлы әзіл мен шынайы күлкіні жеткізе білді. Қойылым аяқталған соң театр басшысы әртістерді төл мерекелерімен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясынан келген алғыс хатты көпшілікке оқып берді. Және де облыстық мәдениет басқармасынан, қала әкімінен және де өзге де мекемелерден келген өкілдер театр ұжымына алғыс хат пен құттықтауларын табыстады.

 


– Кез келген мамандықтың қиындығы болатыны сияқты, әртіс болу үшін де талант керек, оқу керек, – дейді театр актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есенғұлова. – Ертеректе бірнеше сахна саңлақтары оқымаса да осы өнер жолына түскен. Ол кезде мұндай білімді қажет етпесе керек. Бірақ, қазіргі таңда барлық мамандықтарда оқуға мүмкіндік бар. Сол себептен, осы бағытты таңдап, әртіс боламын деп мақсат қойған соң, Мәскеу қаласында бес жыл білім алдық. Бірнеше жылдарымызды әртүрлі облыстарда әртістік қызмет атқарумен өткіздік. Қостанайдан ашылған қазақ драма театрынан шақырту келген соң, «халық әртісі» атағына ұсынып отырғанына да қарамастан, Қостанайға келдік. Өйткені, кезінде Ілияс Омаров мәдениет министрі қызметін атқарып жүргенде, бізді әртістік оқуға жіберіп, алғашқы өнердегі жолымыздың негізін қалап берген еді. Ол кезде Мәскеуде білім алу, бүгінгі шет елде оқып келумен бірдей болатын. Біз ол кісінің алдында қарыздармыз. Сондықтан Ілияс ағамыздың аты берілген осы қара шаңырақ біз үшін ыстық. Бізге оқуға жолдама бере отырып Ілияс Омаров: «сол жерден білім алыңдар, үйреніңдер, сосын білгендеріңді елге келіп көрсетіңдер, қазақша сөйлеңдер», – деп айтушы еді. Ойлап қарасақ, жұбайым екеуіміздің жалпы әртістік қызмет етіп жүргенімізге 50 жылдан асып барады. Біз үнемі басты рөлдегі кейіпкерлерді ойнаймыз. Осы театр сахнасында орыс, шет елдің классикасы да қойылды. Жалпы алсақ, қанша жерден атағың, тәжірибең болса да әртіс үшін ұсынған кез келген рөлдің қиындық келтіретіні анық. Берілген рөлге ену үшін, бір-екі ай дайындық жасаймыз. Кейіпкеріміз туралы мәліметтер іздестіреміз. Рөлдер үлкен және кіші болып бөлінбейді. Ол да біздің іштен шыққан баламыз сияқты, оны қорғап, жанымызды салып, кейіпкердің жан-дүниесін ашуға тырысып келеміз, әлі де солай болмақ.

 


Қорыта айтсақ, театр – қазақтың қазақ екенін көрсететін, байырғы ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін киелі мекен, бір жағынан, өнер, екінші жағынан, адам өмірінің сан алуан қырын шынайы бейнелейтін алаң, жалпылай театр – өмірді сахналау. Ол адамның ой-санасын жетілдіреді. Өмірдің мұңды, қызықты сәттерін көрерменге жеткізеді. Сондықтан театрға жиі барып тұруды әдетке айналдырсақ, жан-дүниеміз рухани өсетіні анық.

 

 

Ақбота САҚҰЛОВА
суреттерді түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев