Жаңа жоба қолға алынуда

31 марта 2016 - Веб-редактор
article9906.jpg

Диқандар ауа райының қолайсыздығына байланысты үнемі шағым айтады. Осыны ескерген БҰҰ Даму бағдарламасы USAID және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жаңа жобаны жүзеге асыруда. Жоба жөнінде жақында журналистермен өткен семинарда БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері Ерлан Жұмабаев баяндаған еді.

 

 

«Орта Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін климаттың өзгеруіне орай Қазақстанда астық өндірісі секторының тұрақтылығын күшейту» жобасы аясында арнайы егіс алқаптары бөлініп, осы учаскелерде фермерлерге бидай, рапс және зығыр өсірудің түрлі технологиялары үйретілді.

 


Жоба менеджері диқандарға арналған тағы бір тиімділікті таныстырды. Шаруалар «Қазгидрометтің» болжамын назарда ұстап отыруы керек. Олай болмаған жағдайда, себілген астық алқаптарының өнімділігі азайып, келеңсіздіктерге ұрынуы мүмкін. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін Даму бағдарламасы «Қазгидрометпен» бірлесіп, колумбиялық ғалымдардың араласуымен диқандарға арналған қолжетімді геопортал ойлап шығарды. Бұл ресурс диқандарға алдағы күнгі ауа райы туралы мәлімет беріп, дән себуге қай уақыттың қолайлы екенін жеткізеді.

 


Сонымен қатар, семинарда Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Сәкен Қалқаманов журналистерге мемлекеттік органдардың жұмыс барысын кеңінен әңгімеледі.

 


– Бүгінде ауыл шаруашылығындағы компаниялардың 99 пайызы – жеке қожалықтар, – деді Сәкен Қалқаманов. – Сөйте тұра, ауыл шаруашылығына қатысты «апат» болған жағдайда, журналистер министрлікке қолқа салады. Мәселен, Павлодар облысындағы малдың қырылуын алайық. Оған кім кінәлі? Әрине, сол шаруашылықтың иесі. Сол сияқты, 2011 жылғы астықтың қар астында қалуы. Бұл да диқандардың қысқа дайындық жұмыстарын жасамаудың кесірінен болды.

 

 

Алайда мұндай сауалдардың бәрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қойылып жүр. Сол секілді субсидияның қалай бөлінетіндігі, жер қатынастары, биологиялық қауіпсіздік, яғни инфекциялық ауруларға қатысты сауалдар, өзен-көлдердің тазалығы, бұралқы иттерді аулау, адамдардың жан-жануарлардан ауру жұқтыруы секілді сұрақтарға біздің министрлік жауап бермейді. Себебі министрлік мұндай шаруалармен айналыспайды.

 


Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарла-масы шеңберінде берілетін мемлекеттік қолдау турасында баяндады.

 


– 2010 жылы бағдарламаны қолдау бағытында мемлекеттен 56,4 млрд теңге бөлінсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 176 млрд теңгеге дейін өсті, – деді министр. – Еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Мәселен, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заңды айтсақ болады. Сол сияқты, «Органикалық өнім өндіру туралы» заң да қолданысқа енгізіледі.

 


Сондай-ақ министр сөзі-нің қорытындысында былтыр ауыл шаруашылығының жалпы ішкі көлемі 4,4 пайызға көбейіп, 2,7 трлн теңгеге жеткенін, егін шаруашылығы 5,6 пайызға (1,5 трлн теңге), ал мал шаруашылығы 3,2 пайызға (1,2 трлн теңге) артқанын айтты. Мамандар асыл тұқымды өнім нарығына заңды және жеке тұлғаларға тең мүмкіндікті қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді азайту, асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды өздігінен реттеуге беру және сұрыпты сынау үшін қажетті уақыт аралығын жоятын озық селекциялық жетістіктерді қолдану секілді мәселелерді тілге тиек етті.

 


Қоса кетейік, БҰҰ Даму бағдарламасы 1992 жылдан бері елімізде 200-дей жобаны қолға алған. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп астықтың өнімділігін арттыру, биоәртүрлілік, жайылымдарды суландыру секілді жобаларды жүзеге асырды.

 

 


Асыл ҚАСЫМ
дереккөз: aikyn.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

70_let_pobedi

 

Гвозди

Комментарии

 

Видео