Дәстүр-салтым – қазақы қалпым

31 марта 2016 - Веб-редактор
article9900.jpg

Жангелдин ауданының орталығында «Ұлттық киімдер – ұлттық қазына» және «Ұлттық тағамдар – ұлт мақтанышы» атты байқау ұйымдастырылды.

 


Ұлттық киімдерге қатысты байқауды ұйымдастыруға аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағы мұрындық болды. Дәстүрлі киім додасына білім саласы кәсіп-одағының 22 бастауыш ұйымының 16-сы қатысты. Сондай-ақ, осынау шараға білім саласында қызмет атқаратын 180 адам атсалысқанын да айта кеткен жөн.

 


«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Раул Ахметжанов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алма Әбішова, Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина және аудандық білім саласы кәсіподақ төрайымы Жұпаргүл Хамзина жарыстың әділ қазылар алқасы болып тағайындалды.

 


– Байқаудың мақсаты – қазақтың ұлттық киім үлгісін халық арасында кеңінен насихаттау, қазақы дәстүрге сай жаңа үлгілерін ұсыну, – дейді аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, байқауды ұйымдастырушы Жұпаргүл Батырханқызы. – Ұлттық киім мәдениетінің тарихы арқылы елдің басынан өткен кезеңдерді еске салу, үлгілеу, халықтың рухани байлығын еселеу, ел бірлігін нығайту.

 


Әуелі сайысқа қатысушыларға жеребе тасталып, алынған нөмірлері бойынша ортаға кезектесе шығып, сән-салтанаты мен шеберліктерін көрсетті.

 


Қазақтың ұлттық киім тігу, кию мәдениеті неше мың жылдық тарихи құнға ие, ол бір ұлттың шаруашылық өмірі, кәсіп талғамы негізінде қалыптасады. Салт-санасына сіңіп кіреді. Ұлтымыз киімді табиғаттан қорғану үшін киюден бастап, қастерлеген, қадір тұтқан. Киімді далаға қалдырмау, тастай салмау, аттамау, баспау, жағасын төмен қаратып ілмеу, бөгде адамға бермеу сияқты күнделікті өмірдегі дағдыларды жасап қалдырды.

 

 

Осындай тарихи мұраларды зерттей отырып, қазақ мектептерінің қара шаңырағы Ы.Алтынсарин мектебінің ұжымы қазақтың күнделікті тұрмыстық қажеттілік пен әр маусымдық кезеңге сай киетін киім түрлерін таныстырудан бастай отырып, үлкендер мен жастардың, балалардың киім үлгілерін көрсетті. Әсіресе, қалыңдық киімі және бойжеткен мен бозбала киімдері талғаммен тігілгені байқалып тұрды. Қазақтың ұлттық мінездемесіне сай, табиғатына қарай ашық, қанық түстер таңдалған.

 

 

Төрт маусымға сәйкесетін, жас шамасына үйлесетін, салтанатты мерекелерге нақ келетін киім үлгісін сәндеп кие білген және осы дәстүрді өз ізденістерімен көрсеткен Ш.Уәлиханов орта мектебінің ұжымы көрермендерді дән риза етті. Ұлттық киім үлгілерін көрсетуде «Балдырған» балабақшасының бүлдіршіндерімен шыққан тәрбиеші ұстаздардың еңбегі де айтарлықтай. Білім бөлімінің қызметкерлері дайындаған «Қалыңдық көрсету» қойылымы сәтті шықты. Сайысқа қатысқан әрбір білім ошақтарының тың ізденістері менмұндалап тұрды.

 


– Бір ұлттың киім мәдениеті сол ұлттың болмысын бейнелейді, – дейді Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева. – Тарихын таңбасыз, естеліксіз еске салады. Халық арасында «ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек», «адам көркі киімде», «ұят бар жерде иман бар» деген ұлағатты сөздер бар.

 

 

Ұлттық үлгідегі киімге бір дәуірдің таңбасы емес, бірнеше дәуірдің таңбасы араласып жүреді. Аталған тарихи кезеңдерде жеке-жеке ұқсамайтын шен-шекпендер ғана жарыққа шығып, қолданыстан қалған емес, сол дәуірдегі киім-кешектер жаңа дәуірде де қасиетін жоймайды. Сәл өзгеріске енгенімен дәстүрлі қалпын түбегейлі бұзып кетпейді.

 


Дәстүрлер жаңғырығына айналған шарада арнайы жәдігерлік көрме де көздің жауын алды. Торғай зергелерінің қолынан шығып, әжеден немереге, шөбереге дейін мұра болған сырғалар мен шашбаулар, білезіктер, жүзіктер мен күміс алқалар уақыт тезіне шыдас беріп, өткен замандардан сәлем әкелегендей жарқырай көрінді.

 


Жарыстың қорытындысында А.Нұрманов негізгі мектебі және Ш.Уәлиханов орта мектептері топ жарса, Ы.Алтынсарин орта мектебі мен аудандық білім беру бөлімі ІІ-ші орынды, Қаратүбек орта мектебі мен Шұбалаң негізгі мектебі ІІІ-ші жүлдені місе тұтты. Басқа білім беру ұйымдары арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

 


Жаңғырық жарыстың екінші жалғасы да көрерменін баурай түсті. «Ұлттық тағамдар – ұлт мақтанышы» айдарын тағынған келесі кезеңде «арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп түйетін киіз туырлықты ұлттың дәстүрлі дәмдеріне арналды.

 


Қазақтың ұлттық тағамдарын еттен, сүттен, астық дақылдарынан, балықтан жасалған деп сан түрге бөле отырып, ұмытылып бара жатқан түрлерінен де тағамдар дайындалуы көп ізденістің нәтижесі деп білдік. Барлық білім беру ұйымдары ең алдымен «ас атасы – нан» екенін аңғартып, бауырсақтың сан түрін, шоққа көмілген таба нан, тәтті тоқаш пісірді. Ғ.Қайырбеков атындағы орта мектеп тіпті ешкі сүтінен дәм ұсынды, сиыр сүті, қымыз, шұбат, шалап, айран, қатық, көже, шекке құйылған уыз, қолдан дайындалған ірімшіктердің түр-түрі бар, қайнатылған құрттардың алуаны, жент, сарысу, балқаймақ тағы басқалары қарбытып жіберуге сұранып-ақ тұрды.

 


Дастархан жасау әдебі мен тағамдардың түрін өте көп дайындауда А.Нұрманов негізгі мектебі мен Шұбалаң негізгі мектебінің еңбегі ерекше айқын көрінді.

 

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
Гүлім ЫСМАҒҰЛ суреттерді түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев