Бабалардың асыл арманы

31 марта 2016 - Веб-редактор
article9903.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында «Мәңгілік Ел» қағидасына айрықша көңіл бөлді. «Нұрлы жол» даму бағдарламасы арқылы көздеген межелерге жетіп, елдің болашаққа деген сенімін нығайтуды айтты. Маңызды мақсаттарды бағындыру үшін қажырлы еңбек пен бекем бірлік қажет.

 

 

Тамыры тереңде

 


Мәңгі ел болу идеясының негізін қалаған ежелгі түркі жұртының данышпаны, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрған соң, абыз бабамыз бұл бастаманы осыдан 13 ғасыр бұрын қолға алған екен.

 


Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясымен де қиюласып тұр.

 


– Көк Түріктер бұл саясатты іске асырып, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасады. Бабалардың сол бір мұраты қазіргі Қазақстанның бас ұранына айналып келеді.

 

 

«Күлтегін» жазбаларында мынадай жолдар кездеседі: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...». Елінің тарихта қалуын тілеп өткен түркілердің тікелей мұрагері біз, – дейді тарихшы Аслан Сағадатұлы.

 


«Мәңгілік Ел» саясаты сол кездегі халықтың санасына мықтап орнаған. Бүгінге жеткен тарихи деректерден соны айқын көреміз.

 


Түркі елдерінің бірлігі керек

 


Ғұлама ойшыл, қобызшы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, өлімнен қашуы, сол дәуірдегі халықтың, билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдірсе керек. Сол сияқты, Асан Қайғы халқы үшін жерұйық іздеп, ел кезген. Оның да мақсаты – халқының қолын мәңгілікке жеткізу. Түркітанушы Лев Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер, одан кейін Шыңғыс хан бастаған моңғолдар, сосын Ресей өз қолына алды», – деп жазады. Солайша, ғалым Еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастаған.

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан еуразиялық идеяның негізі Ресейден емес, көне түркілерден бастау алады. Бұл да тарихшылардың пікірі.

 


Мемлекет басшысы тәуел-сіздіктің алғашқы жылдарынан түркі халқының бірлігі идеясын ұсынды. Бүгінде туыстас мемлекеттермен тату-тәттіміз. Бұған сынай қарайтындар да бар. Түркі интеграциясын жиырмасыншы ғасырда Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Кемал Ататүрік бастаса, кейін тұңғыш президентіміз жемісті жалғастыруда. Қазақстан Халықаралық «Түріксой» ұйымына қолдау көрсетіп келеді. Түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихатталып жатыр.

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді», – деп жазды.

 


«Мәңгілік Ел» идеясы тарих сахнасына қайта оралды. Бұл қазақтың ғана емес, елімізді мекен еткен жүздеген ұлттар мен ұлыстардың мақсат-мүддесі. Тіпті, бүгінгі түркі әлемі үшін өзекті идея. «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды.

 

 

Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз», – деп Елбасы түркі бірлігінің болашағына зор үмітпен қарайды.

 


Еңбек бәрін жеңбек

 


«Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі.

 

 

Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!». Бұл «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдаудың ең тебіреністі тұстарының бірі.

 


Осынау ұлы мұратқа жету үшін не істеу керек?

 


– Қазір дамыған елдерде халықтың басым бөлігін орта тап құрайды, – дейді философия ғылымының кандидаты Тілеужан Мұратұлы. – Оларда халық үшін қауіпсіз, тұруға жайлы, бейбіт, тұрақты қоғам және әділ сот, тиімді құқық тәртібі орнаған. Бұл деңгейге дамыған елдер еңбекқорлықпен, үнемшілдікпен, ұқыптылықпен, ғылымды, жаңа технологияны ұтымды пайдалану арқылы қол жеткізіп отыр. Біз нарықтық қатынастар жолына енді ғана сапарға шықтық.

 

 

Көпшілігіміз бұл қоғамның мәнін әлі түсініп үлгермедік. Әртүрлі амал-айламен, ұрлық-қарлықпен байып кеткендерді көріп, бүгінгі заманның үрдісі осы деп ұғатындар жетерлік. Әсіресе, жастар жағы еліктегіш. Негізі, капитализм деген ондай емес. Нарық заңы адал әрі қажырлы еңбекке, қоғамдық өндіріске, кәсіпкерліктің дамуына, біліктіліктің салтанат құруына негізделуі тиіс. Халықты қанап, тонап байыған капиталистік бірде-бір мемлекет жоқ.

 

 

Анау АҚШ, мынау Қытай, сонау Жапония немесе Германия еңбек өнімділігі, сапалы қызмет арқылы озды. Капитализм – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екенін Елбасы да айтып жүр. Демек, бізге еңбек ісін жолға қою, жетілдіру керек, сонда Мәңгі Ел боламыз. Бізде жұмыс істеуге құлықсыздар, еңбекке немқұрайлылар көп. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілінбей» деген екен ата-бабаларымыз. Бізге сапалы ұлт ретінде қалыптасу маңызды.

 


Осы тұста, баршаға Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген тұғырнамалық бағдарламасын қайта оқып шығуды ұсынар едім. Елбасының бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы осы ұғымның мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі.

 

 

Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.

 

 

 

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео