Қызметте қажеттілік артқаны байқалды

20 марта 2014 - Веб-редактор

Жуырда Қарасу аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында байқау болып өтті. Тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында өткен шараға мемлекеттік қызметшілер қатысты. 

 

Шара барысында қазылар алқасының төрайымы, Қарасу аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы Тамара Тасбулатова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Сайыстың бірінші кезеңі бойынша қатысушылар өздерін мемлекеттік тілде таныстырды. «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» аталымында қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты
 
сұрақтарға жауап берді. Мақал-мәтелдер айтудан жа-рысты. Іс қағаздарын ілеспе аударма арқылы орыс тілінен мемлекеттік тілге аударды. Ең соңғы кезең – «Өз өнерін көрсету». Мұнда қатысушылар жүректі тебірентер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
 
Әр кезеңде қатысушылар өз қабілеттерін толық аша білген сыңайлы. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін іс жүзінде, байқау барысында көрсете алды. Берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, біліктіліктері мен шеберліктерін арттырды. Қазақ тіліндегі көркем, образды сөздердің мән-мағынасына терең бойлады.
 
Байқауды Тамара Тасбулатова қорытындылап, қатысушылардың тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен шеберліктеріне, тапқырлықтарына тоқталып өтті. Шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан жандарға алғысын білдірді. Қарасу аудандық орталықтандырылған кітапханасының меңгерушісі Снежана Заворотная мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы Елена Мазлованың мемлекеттік тілге деген құрметін айрықша атады. Екеуі де жеңіс тұғырынан бірдей көрінді. Осылайша байқау өз мәресіне жетіп, қатысушылар аудандық тілдерді оқыту орталығының атынан алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 
 
Жаңабай АХМЕТОВ
Қарасу ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии