Ұстазына сабақ берген ұстаз

20 марта 2014 - Веб-редактор
article3373.jpg

Қазақ тілінің білгір оқытушысы. Ауылдастары мен әріптестері Маржан Нұрсейітованы осылай атап жүр. Ол еңбек еткен жемісті жиырма жылында талай шәкіртке қанат бітіріп, көптеген табыстарға қол жеткізді. 

 

Табаны күректей жиырма жылдық еңбегі еш кеткен жоқ. Қостанай ауданының Шишкин ауылында істеген соңғы бес-алты жылдың өзінде бағындырған белестері жетерлік. Орта мектепте сабақ бере жүріп, ол ауылдағы ынталылардың біразын қазақ тіліне баулыды, үйретті. 
 
Маржан мұнда келген жылы-ақ өзінің тәжірибелілігін, елгезектігін дәлелдеді. 2008 жылы ауданда өткен байқауда «Жыл мұғалімі» атағын жеңіп алды. 2011 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Ең үздік оқытушы» сайысында аймақтың мықты деген мұғалімдерімен үзеңгілесіп, үш-інші орынды қанжығалап қайтқаны бар. Былтыр да аталған жарыста бақ сынаған, бұйырғаны – «Жақсы нәтижелері үшін» номинациясы. 
 
– Қанша дегенмен, қалалардағы жағдайдың ауылдан ар-тықшылығы мол. Техникалық және басқа да мүмкіншіліктері орасан. Жүлделі орындарды Қостанай, Рудный қаласының оқытушылары алып кеткені сондықтан. Соған қарамастан, жігерлілік танытып, намысты қолдан бермеуге тырыстым. Облыс орталығындағылар еңбегімді жоғары бағалады, – дейді Маржан Жұмағазықызы.  
 
Мақтан тұтар оқушыларының бірі – Анатолий Дарбеков. Оны алтыншы сыныптан бастап дайындап, мемлекеттік тілде өтетін аудандық, облыстық конкурстарға бірнеше рет апарды. Ұстазының ықпалымен, қаршадай бала ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқи бастайды. Кейіннен қазақ әндеріне құмары ауып, концерттерге қатысып жүрді. Апайының айтуынша, Толиктің әншілік қабілетін ашқан Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әні екен. Жетінші сыныпта, ең алғаш сол әнмен «Мұқағали оқуларында» (әннің сөзін жазған) көзге түскен. Содан бері бірнеше байқаудың алдын бермей, ауылдастарын шаттыққа кенелтіп жүр. Бүгінде жас әншінің репертуары «Отырардағы той», «Қорқыт ата» сынды тағы басқа да көптеген мағыналы әндермен толыққан.
 
– Журналист болу оның арманы еді. Былтыр Қостанайдағы Ахаң атындағы университеттің грантын иеленіп, өзі қалаған оқуға түсті, – деді ұстазы түлегінің көздеген мақсатына жеткенін мақтан етіп.
 
Толиктің орнын басуға ініқарындастары талпынып жүр. Александр Аннамов есімді оқушы қазіргі таңда Абай өлеңдерін жаттауға көңіл бөліп, алдағы сайыстарға әлден білек түрінген сыңайы бар. «Ұлы ақынның шығармалары ақыл-ойымды өрістетеді», – дейді қаршадай ұл. «Жарқын болашақ» байқауында көзге түскен өрен Валера Шмит те Шишкин орта мектебінің жұлдызына айналып келеді. Оқу ошағының келесі бір үкілі үміті – Анна Афанасьева аудандық «Тіл шамшырақтары» сайысының жүлдегері. 
 
Маржан Жұмағазықызының тамаша нәтижелі оқушылары-ның бірі Виктория Кисел болатын. Қостанайдағы жоғары оқу орнында оқитын Вика мемлекеттік тілге қатысты шаралардан әлі де қол үзген жоқ. Ауылына келсе, тәлімгеріне соғып, білмегендерін сұрап тұрады. Бұл да ұстаз ұлағаты. Тағы бір айта кетерлігі, Маржанның тәуір нәтиже көрсеткен оқушысына өз қалтасынан сыйлық жасап, қанаттандырып қоятыны бар.
 
Оқушылары ғана емес, мемлекеттік тіл оқыту курсының тыңдаушылары да кейіпкеріміздің біліктілігіне, адамгершілігіне құрметпен қарайды. Оның дәрісіне ауыл әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер және қарапайым тұрғындар да қатысып жүр.  
 
– Балаларымыз да, біз секілді ересектер де қазақ тілін үйрену үшін Маржан Жұмағазықызының алдына барамыз. Ізденісі, еңбекті беріліп істейтіні ауылдастарының көңілінен шығады, – дейді тыңдаушылардың бірі Гүлнар Шмит.
 
Ауыл әкімі тарапынан қолдау аз емес. Мерекелік іс-шараларда мемлекеттік тілді ұмыт қалдырылмайды. Жеке дәрісханасы болмағанымен, мектеп ішіндегі сыныбы біршама шәкірттерді қазақ тілінің бұлағынан сусындатуға жетіп-ақ жатыр. 
 
Отбасында үш баланың анасы. Жұбайының сүйікті жары. Балалары екі тілге де жетік. Әсіресе, бастауышта оқыса да, ғылыми ізденіске ден қойған Нұрисламбегінің беталысы қуантады.
Ұстаздың әр күні маңызды, айрықша. Десе де, кейіпкеріміз басынан кешірген мына бір сәт әр маманның арманы болар, сірә. Өзі қысқа ғана оқиға желісін шашпай-төкпей, Маржан Жұмағазықызының өз әңгімелеуінде жеткізуді жөн көрдік. 
 
«2008-2009 жылдары Қостанай облыстық білім жетілдіру институтында әріптестеріне қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесінен әріптестеріме сабақ берген едім. Ол жерде жасы менен үлкен де, кіші де мұғалімдер болды. Бір дәрісімнің үстінде соңғы партада отырған егделеу апайдың көзіне жас алып отырғанын байқап қалдым. Сабақ аяқталысымен әлгі кісі жаныма келіп, ықылас білдірді, арқамнан қақты. Сөйтсем, ол маған бірінші сыныпта тәлім берген, алғашқы ұстазым Алмаш апай екен. 
 
– Бұрынырақта сені үлкен өмірге мен бағыттасам, қызым, енді маған сабақ беріп отырсың. Міне, ұстаз еңбегінің жемісі деген осы, – деп көпшілік алдында мерейімді асырды. Содан соң батасын алдым. Сонау сәтте кешкен ерекше күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес-ау. Мен үшін өмірімдегі ең жарқын мезеттердің бірі болып есте қалды».   
 
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ 
 
comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии