Ұлттық ойынмен ұрпақты тәрбиелеу

17 марта 2016 - Веб-редактор
article9791.jpg

Балабақша балдырғандарды ата дәстүрін сақтайтын инабатты да ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білуге, денсаулық сақтау мен нығайтуына үйрететін тәрбие орталығы. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті ойын, сондықтан оның мәні ерекше.

 

 

Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін тәрбие құралы. Баланың барлық қабілеттерінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңеюіне, тілінің дамуына, құрбыларымен жақындасуына да ойын көмектеседі. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып, жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді.

 


Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағаланған. Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және тағы өзге де адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал – ұлттық ойындар.

 


Айгөлек, ақсерек-көксерек, ақсүйек, алакүшік, алтыбақан, ақшамшық, арқан аттау, арқан тартпақ, асық, аттамақ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, епті жігіт, дауыстап атыңды айтам, қыз қуу, күміс ілу, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, шалма, соқыр теке, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, түйілген орамал, бес асық, сұрақ-жауап, жасырынбақ, орын тап, тақия тастау, ұшты-ұшты сияқты ұлттық ойын түрлері өте көп. Осы ойындардың ішінен оқу іс-әрекетке, жағдайға, баланың жас ерекшелігіне байланысты таңдап, керектісін қолдануға болады.

 


Қазақ халқының саусақ ойындары баланың сөйлеуге, санауға деген талпынысын, қабілетін дамытады. «Бес саусақ. Қуырмаш. Санамақтар» ойындарын ойнатып, саусақпен қоянның, иттің, құстың бейнелерін көрсетуге болады.

 


Бала тәрбиесінде аңыз-ертегілерді де қолданған абзал. Ертегі – білім әрі тәрбие құралы. Мен балабақшада тәрбиешімін. Оқу-тәрбие жұмысы кезінде «Түлкі мен ешкі», «Мақта қыз», «Жеті лақ» ертегілерін айта отырып, әртүрлі ұлттық ойындарды ойнатамын. Мысалы: «Қыз қуу», «Бәйге», «Жасырынбақ» ойындары.

 

 

Балалардың бойына халықтық педагогиканың тағылымдарын дамыту үшін ауыз әдебиетінің үлгілерін, ұлттық ойындарды қолданудың маңызды екеніне көз жеткізіп келемін.

 


Балабақшаның тәрбие жүйесінде мерекелік ертеңгіліктер ерекше орын алады. Тілдер мерекесіне, Тәуелсіздік күніне, Наурыз тойына арналған ертеңгіліктерде ертегі кейіпкерлермен бірге, «Балапандар», «Арқан тарту», «Көкпар», «Теңге алу», «Сақина салу» ұлттық ойындарын ойнаймыз. Сол ойындарды ойнатып, балаларды батылдыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулимын. Ойындарды өткізу арқылы балаларды қазақ халқының дәстүрін, әдет-гұрыпын жоғалтпай, одан әрі дамытуға, ұлтына деген сүйіспеншілігін жастайынан сіңіріп, оны құрметтеуге тәрбиелеймін.

 


Халықтық әдет-гұрпын, дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру, ойын арқылы дарытып, көңіліне қондыра білу қажеттіліктен туындап отырғаны анық. Өйткені баланы нәресте шағынан бастап адалдыққа, батылдыққа, мейірімділікке, еңбек етуге тәрбиелеудің құралы ойын. Оның қай түрін болса да қолдануға болады. Әр оқу қызметінің ерекшелігіне, тақырыбына сәйкес ойын түрлерін алмастырып пайдаланған жөн деп есептеймін. Балалар пайдасынан зияны көбірек тиетін қазіргі ойыншықтармен ойнағаннан гөрі, оларға әдемі адами қасиеттерді үйрететін ұлттық ойындарды үйреткен абзал.

 

 

Әсемгүл ЕСЕНАЛИНА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео