«Есімде менің – келіншек кезім»

17 марта 2016 - Веб-редактор
article9788.jpg

Үрпек ауылының белсенділері 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесінен Ұлыстың ұлы күніне дейін бірқатар іс-шараларды жоспарлап қойды. Жуырда ауылдық кітапхана және клуб меңгерушісінің ұйымдастырумен «Есімде менің – келіншек кезім» атты апалармен кездесу кеші өткізілді.

 

 

«Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екіншісі, немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден; үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деп қынжылған екен Бауыржан Момышұлы.

 


Ұятты ұл мен қылықты қыздар азайып бара жатыр дейді көбі. Ал сол мәселе қайдан келді деп ойланған жан бар ма екен? Шындығы ащы, ұлттық тәрбиеден мақұрым «мамалар» мен «папалар» қаптап, айтарын қабағының астымен қарап қана ұқтыратын нар мінезді әке, әр сөзі айналайынмен тең аналар азайып кетті.

 

 

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Міне, ауыл болып ұйымдастырған шараның діттері сол, қазыналы көмбеде жатқан ата дәстүрді жаңғыртып, аналар мен апалардың мойнына жүктелетін міндеттерді айшықтау.

 


– Іс-шарамыз мақсатына жететініне сенімдімін, – деп сөз бастады ауыл әкімшілігінің бас маманы Зейін Бабағұлов. – Жас ұрпақты қазақы тәрбиеге баулитын алдыңғы буын екенін ұмытпауымыз қажет-ақ. Осы ретте кітаптан, мектептен білесіңдер деп жылы жаба салу қателікпен тең. Кітап кітаппен, мектеп мектеппен, алайда, осындай кездесулерді ұйымдастырудың жемісін келешекте көретініміз анық. Сондықтан, тек осындай бастамалармен тоқтап қалмай, отбасыдағы әкелердің де рөлін көтерген дұрыс деп білемін.

 


Қазақ әу бастан келін деген атауды киелі санап, ұрпақ жалғастырушы ретінде мақтаныш тұтқан. Қазақ келіндерінің әдепті, ізетті, салмақты, инабатты болғанын көпшілік қалайды. Несін жасырамыз, ертеден сақталған, қанға сіңген ата дәстүрлеріміз бірте-бірте көмескіленіп, тіпті кей жерлерде ұмытылып бара жатыр.

 

 

Мысалы, бұрындары жаңа түскен келіннің екі жағына басына орамалын тартқан абысындарын тұрғызып, иіліп сәлем салғызған, келген жерімен таныстырған. Ал қазіргі уақытта үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені – «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр бүгінде? «Ауылда әр ісі құрметке лайық апа-әжелеріміз баршылық, біз сол кісілерді жас келіндерге, қыз-келіншектерге үлгі ретінде қонаққа шақырдық», – дейді ұйымдастырушылар.

 


Кешке арнайы соғыс ардагерінің жұбайы Қазикүл апа Адрешова келді, қазір қолында екі келіні бар, немере, шөбере сүйіп отыр. Ал, Күмісай апа Нұрғалиева бүгінде 13 баланың анасы, немере, шөберелерінің тәрбиесі өз қолында. Бөпетай апа Қанапина да 10 баланың анасы, келін тәрбиелеп отыр. Апалар өздері келін болып түскен уақыттарын, көрген қиыншылығын, қызықты оқиғаларын оқырман қауымға әңгімелеп берді. Тыңдармандардың қатарында қыз-келіншектер көп болғандықтан, сауалдарын қойғандар да болды.

 


Қазір заман басқаша болғанымен, қазақ халқының салт-дәстүрлері ешқашан өзгермейді, ұрпақтан-ұрпаққа сақталады. Апалардың өнегелі әңгімелерінің арасында Жанкелді Байкенов және ұлы Әліби екеуінің орындаған «Саранжап» күйі, Аяулым Ақмырзаның «Анашым» әні, Жәния Жанкелдіқызының «Мен қазақтың қызымын» әні, Бақжанар Бейсенованың «Әдемі-ай» әні кешке келгендердің көңілдерін бір серпілтіп, өнегелі отырыстың көркін келтірді.

 


Нұрқанат ОМАРҰЛЫ
сурет Амангелді аудандық әкімдігінің
баспасөз қызметінен алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео