Ерлікке пара-пар еңбек

12 марта 2015 - Веб-редактор
article6191.jpg

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткендердің де көрген тауқыметі аз емес. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында оларды да назардан тыс қалдырмауды жөн көрдік.

 

Жангелдин ауданының тұрғыны, батыр ана Гүлнар Рсалдина (суретте) әжеміздің шаңырағына арнайы бас сұққан едім. Әжеміздің жасы сексенге келсе де жүзінен әр, көзінен нұр таймаған. Өзі де, сөзі де ширақ. Самайындағы «ақ қырау» ғана қарттықтың белгісіндей. Шаңыраққа сәлем беріп, әжеміздің бөлмесіне кіре бергенімде, орнынан ұшып тұрып, көрпе төсей бастады. Келген мақсатымды айтып, төрге жайғастым. Ендігі ойым әжеміздің санасында сары сандықтағы барқыт матасындай сақталған соғыс жылдарында басынан кешкен оқиғалары жайлы естеліктерін тыңдау, сыр тарту. Ол болса «айналайын, балам, сәл кідіре тұр» деп көздің жауын алатын көк қамзолын киіп, омырауына алқаларын тағып, суретке түсуге қамданып жатыр. Расында, «қартайған да бір бала» деген осы. 
 
Гүлнар әжей 1935 жылы 1-ші ақпанда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Өзденбай тыл ардагері. Кешегі соғыс жылдары елде қалып, соқамен жер жыртып, шығырмен су тартып, егін шаруашылығымен айналысқан. Өрімдей Гүлнар әкесіне көмектесіп, қыз бала болса да қара жұмысқа әбден төселген. Ол кезде білім алмақ түгілі, көз шырымын алар бос уақыттың өзі бола бермейтін. Ертелі-кеш күйбең тірлікпен айналысып, қатты шаршайтын. Басынан талай қиыншылықты өткізген әженің ішерге ас, киерге киім таппаған кездері болған. Ол заманда он үйге бір сиырдан, бір қойдан ғана беріледі екен. Елде қалған қарапайым халық шұлық, қолғап тоқып, майданға жіберіп отырған. Кейбіреулер комбайнның соңынан еріп, шашылған бидайды теріп қуырып жеген. Гүлнар әжей терең күрсініп, осындай басынан өткерген ауыртпалықтары туралы әңгімеледі.
 
– Біздің заман қиындыққа то-лы кезең еді. Мен ашаршылық дәуірінде дүниеге келдім. Ол уақытта әке-шешем егін шаруашылығымен айналысты. Кейін ес білген шағымда қара жұмыс-қа білек түре кірістім. Елді дүрліктірген соғыс жылдары тылда еңбек етіп, Қайпен атаңмен көңіл жарастырып, тұрмыс құрдым. Жанымызды шүберекке түйіп, баламызды етегімізге орап өсірдік. Аллаға шүкір, отағасы екеуміз заманның қиындығына қарамай, сегіз бала тәрбиелеп, осы күнге жеткіздік. Мен өзімді бақытты анамын деп толығымен айтуға құқылымын. Себебі, «Батыр ана» атанып, 26 немере, 13 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Бүгінгі ұрпақ еркіндік пен теңдікке қол жеткізді. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жас ұрпақтың еншісіне бұйырды, – деп сөзін аяқтады ардагер ана. 
 
Әжей тылдағы және одан кейінгі жылдардағы кеңшарда істеген жұмысының еңбек өтіліне қосылмай қалғандығына қынжылады. Бірақ жоқшылық пен қиыншылықты көп көрген кейуана бүгінгі бейбіт замандағы ұрпағының тірлігіне шүкіршілік етумен келеді. 
 
Бүгінде қатары сирей бастаған әрбір тыл еңбеккері нағыз батыр, өз елінің нағыз патриоты деуге әбден лайық. Ол кісілердің жасаған ерліктері еш ұмытылмайды. «Еңбек – ер атандырар» деген даналық дәл осындай ардагерлерге арналғандай. Елі үшін төккен тер, еткен ерлік ескерусіз қалмауға тиіс. Ардагерлердің еңбегін ардақтау – азаматтық борышымыз! 
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жангелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео