Жерлестеріміздің жеңісі

13 марта 2014 - Веб-редактор
article3293.jpg

Жақында Ресей Федерациясының Протвино қаласында өткен халықаралық «Компьютерлік физика» атты турнирінен жерлестеріміз жүлдемен оралды. Аталмыш жарысқа ТМД елдерінен 600-ден астам оқушы қатысқан болатын. 

 

Әр оқушы өз елдерінің білім деңгейлерін көрсетуді мақсат тұтты. Қазақстанның намысын 14 облыстың командалары қорғады. Ал, Қостанай облысының құ-рамынан дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатынан 10 бала өз бақтарын сынады. 
 
Турнир олимпиададан және «компьютерлік шығармашылық» атты жобаны қорғаудан тұрды. Халықаралық білім жарысына Қостанай қаласының атынан барған барлық қатысушылар жүлдемен оралды. Олимпиада қорытындысы бойынша біздің облыс командасы жалпы коман-далық жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал жобаны қорғау бойынша біздің оқушылар алтын, күміс, қола медальдарды қос-қостан иеленді. Жуырда қазақ-түрік лицейінің оқушысы, аталған турнирдің күміс жүлдегері Санжар Тасболатпен (суретте анасымен) сұхбаттасудың орайы келген.
 
– Санжар, жүлдең құтты болсын! Протвино қаласында өткен турнирден қандай әсер алдың?
 
– Рахмет! Біріншіден, біздің мақсатымыз мұғалімдеріміздің еңбектерін ақтап, еліміздің білім деңгейі жоғары екенін дәлелдеу еді. Негізі бұл турнир бірнеше бағытта өтті. Информатика, физика және математиканы қамтыды. Соның ішінде, біз математика бағыты бойынша бақ сынасып, жеңіске жеттік. Екіншіден, әрине, алған әсеріміз мол. Осындай биіктерге жеткенімізге қуаныштымыз. Биыл мектеп бітіргелі отырған соң, бәріміздің ойлағанымыз – Ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай тапсыру. Біз осы олимпиададан жеңіспен оралғандықтан, алдағы үлкен сынақтан босатылдық. 
 
– Сонымен грант мәселесі шешімін тапты ғой?
 
– Грантты алдық десе де болады, яғни оқуымызды аяқтаған соң, еліміздегі қалаған жоғары оқу орнынан тегін білім ала аламыз. Бұл өзімізбен қатар, бізді тәрбиелеп өсірген ата-анамызға да үлкен көмек деп ойлаймын. 
 
– Болашақтағы арман-мақ-сатыңа тоқталсаң?
 
– Келешектегі арманым да, мақсатым да математика-физика бағытында оқуымды жалғас-тырып, өзімнің таңдаған ма-мандығымның шебері атану. Өзіме сенім артқан ата-анамның үмітін ақтап, алдағы уақытта биіктерді бағындырсам деймін. Сөздің орайы келгенде, бізді әлгі турнирге бір жыл бойы дайындаған ұстаздарымызға шын жүректен алғысымды айтқым келеді.
 
Әйгерім РАШИТҚЫЗЫ 
 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии