Анаға деген махаббат

13 марта 2014 - Веб-редактор

Қостанайда тұңғыш рет облыстық аурухана қызметкерлерінің балалары өздерінің аналары мен әжелеріне арналған көркемсурет көрмесін ұйымдастырды. Балғындар апта бойы бар ықыластарын салып, дайындаған осынау таңғажайып көрмеден қолөнер туындыларының небір түрлерін кездестіруге болады.

 

Балалардың қиялынан туындаған әрбір туындының астарында адамгершілік, сүйіспеншілік, ата-анаға деген шексіз махаббат жатқандығын аңғара аласың. Бұл жерде қылқалам шеберлерінен кем түспейтін пейзаж, натюрморт, түрлі құттықтау хаттар, қағаз, ши, балшықтан жасалған мүсіндер көздің жауын алады. Ақ халатты абзал жандар тамаша туындыларға тамсанып, ризашылықтарын білдіруде. Мерекеде олар үшін теңдессіз сыйлық болғаны айқын.
 
Ерекше тоқтала кетер жай, аталмыш көрме жылжымалы. Мереке күндері қарсаңында аурухананың әкімшілік ғимаратынан бастау алып, алдағы бір-екі айдың көлемінде барлық бөлімшелерде дәрігерлер мен емделушілердің назарына ұсынылмақ. Көрменің соңында жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Ал жеңімпаздарды әрбір бөлімшеде ем алып жатқан науқастар анықтайтын болады. Көрмеде қойылған әрбір туындының авторы белгіленбеген, оларға арнайы нөмірлер берілген. Жеңімпазды осы нөмірлер арқылы дауыс беріп, анықтамақ. Ол үшін арнайы жәшік те қойылған.
 
Мешіт ҒАЗИЗ
сурет munara.kz 
сайтынан алынды 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии