«Әйелдің бәрі әдемі»

13 марта 2014 - Веб-редактор

Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» деген. Сондай-ақ, «Егер әкең мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер», деген де ұлағатты сөз бар.

 

Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегемен сусындар қайнар бұлағы. Аяулы жанның көзінен нұр төгіліп, айналасына шуағын шашады. Шуағына жылынып, құшағында еркелеп жүрген біз ананы мәңгі қастерлеуге тиіспіз. 
 
Арманыңа жетуің үшін ана бәрін жасайды, жанын қиюға да дайын. Баласының үлгілі азамат болып өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын жырын жазып, сазгерлер әнін арнап, талай жазушы қалам тербеген. Біздің де дәл осылай тебірене сөйлеуімізге себеп ардақты жанның мейірімі, шапағаты деп түсінемін. Осы түсінігімді одан әрі тереңдете түскен биылғы сегізінші наурыз мерекесі болды десем, қателеспесім анық.
Торғайда мереке қарсаңында мәдени көпшілік іс-шаралар лек-легімен жал-ғасты. Солардың ішінде, Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен «Әйелдің бәрі әдемі» атты сыр-сұхбат кешін ерекше айтар едім. Тағылымға толы, тәрбиелік мәні зор кештен көптің түйгені де аз болған жоқ.
 
Кешке қатысып, бүкпесіз сырларымен бөліскен аналарымыз – Несібелді Тұрған-бекқызы, Клара Оразтайқызы, Балғанша Ұзақбайқызы өздерінің сүйікті немерелерімен бірге, әсем безендірілген сахнаның шырайын келтіріп, нұрландырып жіберді.
 
Алты баланың анасы,он бір немере сүйіп отырған асыл әже Несібелді Тұрғанбекованың бақыты баянды. Балалары үшін отқа да, суға да түсуге әзір жүретін ана кезінде сауда-саттықпен айналысты. Қиналса да ұл-қызын жеткізді. Басынан қызықты сәттер де аз өтпеген, көрермендермен бөлісті. 
 
Клара апай әкесінің ертұрмандар жасайтын хас шебер болғандығын сөзіне арқау етті. Бүгінде сол жолды жалғастырған апайымыз үйде отырып-ақ іс тігіп, отбасының берекесін келтіріп отыр. Бес баладан он екі немере сүйген ақ жаулықты әженің әр сөзіне ұйыды көпшілік. Тігіншілік – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Оны кәсіп көзіне айналдырып, нәсібін таба білген Клара Жалкенованың қолынан шыққан сахналық киімдер еріксіз көздің жауын алып тұрады. Сахна төріндегі оюлы көрпе-жастықтар да осы кісінің туындысы. 
 
«Жангелдин ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкері Балғанша Нұрахмет жеті бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана, алтын алқа иегері. Төрт немересінің тәтті қылықтарына сүйсінген бақытты әже. Алтын құрсақты ананың әңгімесі де жұртшылық жүрегіне жетіп жатты.
 
Немерелерін қолынан жетектеп сахнаға шыққан әжелердің өнерлеріне тәнті болған көрермендердің ықы-ласы шексіз. Сыр-сұхбат кешінің соңғы бөлімінде сән үлгісін көрсеткен әжелерімізге тамсанбаған жан қалмады-ау сірә... 
 
Кеш соңында аудандық мәдениет және тілдерді да-мыту бөлімінің басшысы 
Дастан Әбжамалов ақ жау-лықты аналарды төл мерекелерімен құттықтап, тағылымды әңгімелері үшін алғыс білдірді. Оларға деген құрметі ретінде алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар тапсырды.
 
 
Байбатыр АХМЕТБЕК Жангелдин ауданы 
 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео