Торғайдың топжарғаны

15 января 2016 - Веб-редактор
article8948.jpg

Торғайда тұңғыш рет Нұрхан ақын оқулары өткізілді. Оған аудан мектептерінің оқушылары қатысып, ақынның жыр-дастандарын жатқа айтты, арнау өлеңдерін оқыды.

 

Алдымен, ақын жайлы


Туған халқының тыныс-тір-шілігін шығармаларының асыл арқауына айналдырып, тарихын айшықты сөз, жүрек тербе-тер жырларымен кестелеген арқалы ақын Нұрхан Ахметбеков 1903 жылы қазан айында Тосын құмындағы Жаркешу қыстағында дүниеге келген. Нұрханның әкесі Ахметбек ел ішінде абырой-беделі бар, өз ісін білетін момын адам болған дейді. Ал, анасы Әбіш ауыл-аймаққа суырыпсалма ақындығы, дәулескер күйшілігімен даңқы шыққан өнерлі жан екен. Кейбір деректерге қарағанда ол кезінде белгілі ақын, әнші-сазгерлерді де сөзден тоқтатып талай айтыстарда өз тұстастарынан озып, жүлде алып жүріпті. Нұрхан ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер оған ақындық қасиет анасы Әбіштен дарыған деген ортақ тұжырымға келгені белгілі.


Болашақ ақын сегіз жасынан ауыл молдасынан сауат ашып, өздігінен жаза білетін болған. Зерделі, өлең-сөзге бейім жасөспірім халық арасына кең таралған қисса-дастандармен сусындап өскен. Мұның әсері Нұрхан Ахметбеков шығармашылығының алғашқы кезеңдерінен айқын аңғарылады. 12 жасқа толған шағында әкесінің, одан үш жылдан кейін анасының дүниеден өтуі бала Нұрханға ауыр тиді. Тағдыр тауқыметін арқалаған жас оқуын доғарып, ақындық жолға біржола бет бұрған. Бұл туралы Ұлттық Ғылым Академиясының мұрағаттар бөлімінде Нұрхан ақынның өз қолымен жазып қалдырған өмірбаяндық қолтаңбасы сақталған.
Шығармаларының өміршеңдігі Нұрханның тұңғыш туындыларынан сол жылдардағы ел тұрмысының ауыр жағдайы көрініс береді. Жас ақынның алғашқы өлеңдері жоқшылық азабын тартқан жандардың ауызынан айтылғандай етіп жазылған. Бұл дегеніміз ащы шындықты тура айтқан жастың өршіл мінезі болса керек.


Торғай өңірінен тысқары жерлерге де атағы мәлім ақын Әбіқай Нұртазаұлымен кездесуі, оның ақыл-кеңестерін тыңдауы жас Нұрхан өміріндегі елеулі өзгеріс болды. Тек қана шындықты жырлауды басты мұрат, биік мақсат тұтып алғашқы өлеңдерінен-ақ, замана тынысын тап басып таныған ақын үнемі ізденісте болды. Жаңашылдықты іздеді. Өзіне-өзі қатал талап қойды. Ұлы Абай шығармашылығымен танысты. Өзі де Абайға еліктеп жазғысы келді...


Ақын шығармашылығы өте күрделі, әрі терең мазмұнды. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін жалғастырып тұрған алтын көпір іспетті Нұрхан ақын «Жасауыл қырғыны», «Есім сері», «Амангелді», «Қарға», «Күләндам» дастандары арқылы республика жұртшылығына кеңінен танымал болды. Бір атап өтерлік жағдай, ақынның 1932-1933 жылдардағы халқымыздың басына түскен ауыр ашаршылықты, «қолдан жасаған саясат» деп баға берілген нәубетті сол кезеңде басына келер қауіп-қатерден жасқанбай жырлаған «Күләндам» дастаны белгілі себептермен елу бес жыл бойы жарыққа шықпай, тек 1987 жылы қазан айында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде басылды. Ел өміріндегі аса ауыр уақытты арқау еткен, зұлматты қаймықпай жырлап берген ақын осы үшін аз уақыт болса да абақтының ащы азабын тартты.


Сол секілді Нұрхан ақынның азаматтық ерлігін, ақындық дұрыс көзқарасын әдебиетші-ғалымдар оның «Жасауыл қырғыны» дастанымен де салыстыра-сабақтастыра айтып жүр. Бұл жерде сонау отызыншы жылдардың басында-ақ, Нұрхан ақынның қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліске дұрыс баға беріп, ақ патшаның отаршылдық саясатына қарсы күрескен, ел азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен есіл ерлердің ерен ерлігін үлкен ақындық қуатпен, зор шабытпен жырлағыны бүгінгі күнге дейін кеңінен баяндалып жүргені белгілі. Дегенмен, сол уақыттағы әміршіл саясат ақынды өз қыспағына алып, өткен тарихи оқиғаның өңін айналдырып жазуға мәжбүр еткен. Содан болар, «Жасауыл қырғынының» бірнеше нұсқалары тараған.


Халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтен «Торғайдың топжарғаны», ал атақты суырып салма дүлділ ақын Иса Байзақовтан «Жауыр торы» деген лайықты баға алған Нұрхан Ахметбеков қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған мәңгі өшпес мұра қалдырды. Әсіресе, тарихи тақырыпқа, биыл 100 жылдығы аталып өтетін Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа, халық батыры Амангелді Иманов бастаған жаужүрек сарбаздар ерлігіне айналған дастаны шоқтығы биік шығарма. «Амангелді» дастанына кезінде белгілі энциклопедист ақын жерлесіміз Қайнекей Жармағанбетов: «Амангелді» дастанын жазу арқылы Нұрхан ауыз әдебиеті дәстүрінің шеңберінен шығып, жазба әдебиет өкіліне қойылатын талаптарға жауап берерлік дәрежеге көтерілгендігін танытты», – деп жоғары баға берген.


Ақынның жыл өткен сайын тынымсыз ізденісі мен қарым-қабілетінің өскенін, әсіресе айтыс ақынына тән қабілет – тапқырлық, тақырыпты меңгеру, лезде ұтымды ұйқас таба білу секілді қасиетінің артқандығын, оның әр жылдағы айтыстарын зерделей оқыған адам айқын аңғара алады. Тағы бір айта кетерлігі, ақынның соғыс жылдарында халық рухын көтеріп, еңсесін биіктеткен өршіл жырлары баспасөз арқылы тарап жатты.
1958 жылы Мәскеуде өткі-зілген қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, үлкен мерекені арнау өлеңімен ашуы ақынға көрсетілген айрықша құрмет еді. Осы тұста оның беделі өсіп, одақтық деңгейде танымал болды. Сол кездегі аузы дуалы, сөзі уәлі «Правда», «Литературная газета» сынды басылымдар ақын жайлы материалдарын лек-легімен жариялады.


Ақын ізбасарлары


Жақында Жангелдин ауданы орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Нұрхан оқулары» өткен болатын. Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Ахметжанов, Торғай мұражайлар кешенінің директоры Г.Сәрсекеева, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ж.Хамзина және Нұрхан ақынның ұрпақтары байқаудың құрметті меймандары болып қатысып, әділ бағаларын беріп отырды.


Байқау үш бөлімнен тұрды. «Жүректе от, ал тілінде бал тұратын» тақырыптық ережеде сайысқа қатысушылар Нұрхан ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл бөлімде Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Батырлан Қазым ерекше көзге түсіп, бірінші орынды жеңіп алды.


Сайыстың екінші бөлімі: «Суырылып хан тобынан алған жүлде». Бұл орайда оқушылар өз шығармаларын мәнерлеп оқыды. Өлең өлкесіне қалам сілтеген жас ақын, Шұбалаң негізгі мектебінің 9-сынып оқушысы Мақсат Ләтен талассыз жүлделі бірінші орынды иеленді.


«Торғайдың топтан озған


топжарғаны» атты үшінші бө-лімде ғылыми жобаларын қорғаған мектеп оқушылары зерек, ізденімпаз қабілеттерін танытты. Нәтижесінде, 1-орынды Н.Иванов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Алина Тыныштық жеңіп алды. 2-орынды Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Саламат Абаханов, 3-орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Айзат Хамит иемденді.


Сонымен қоса, әр бөлім бойынша арнайы жүлде және мадақтама қағазын тағайындаған Нұрхан ата ұрпақтары А.Қоңқабаев атындағы орта мектептің оқушысы Сайран Сағынтайды, Н.Иванов атындағы орта мектептің оқушысы Эльмира Қасқырбайды, Албарбөгет орта мектебінің оқушысы Нұрғиса Таңатты марапаттады. Байқауға қатысып, сөз шеберліктері мен біліктіліктерін көрсеткен номинация иегерлері атанған оқушылардың да саны жетерлік.


– Нұрхан оқуларын алдағы жылы бүгінгі деңгейден де әсерлі өткіземіз деген ойдамын. Ақын-жазушыларды насихаттап, дәріптеу – жас ұрпақ еншісінде. Сондықтан жыл сайын осы аталмыш іс-шара жалғасын таба беретін болады, – дейді білім беру бөлімінің әдіскері Әсем Досмағанбетова.


Ақындық – Алланың сыйы. Ақындыққа оқытатын мектеп не жоғары оқу орны жоқ. Сондықтан да, оларды, жалпы өнер адамдарын ұлттық игілікті, рухани байлығымызды жасаушылар деп бағалауға тиістіміз деп ойлаймын. Рухани байлығымызды мәңгіге еселей түсер мол өшпес мұра қалдырып, кешегіні бүгінмен, бүгінді болашақпен жалғастырар арқалы ақындар әдебиет пен өнер әлеміне қанат қаға бергей!

 


Гүлім МЫЛТЫҚБАЙҚЫЗЫ,
Жангелдин ауданы

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев