Екідің – елдің байлығы

17 мая 2018 - Веб-редактор
article16658.jpg

 Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін жариялаған болатын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тізім өңірлік комиссияның ұсынысымен және сарапшылар кеңесінің ғалымдары мен өлкетанушыларының пікірлерін ескере отырып құрастырылған. Оған Қазақстанның табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары енген.

 

Орталық қызметкерлері жергілікті ғалымдар, өлкетанушылармен бірігіп, қасиетті, киелі жерлерді анықтау мақсатында жұмыс сапарымен Алматы, Ақмола облысы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында болды. Аймақтардан алынған мәліметтер бойынша жалпыұлттық мәдени мұра және жергілікті маңызы бар ұсынылған нысандарға сараптама жүргізілді. Сараптаманы жүзеге асыру үшін белгілі ғалымдар, өлкетанушылар мен қоғам қайраткерлерің қатысуымен ғылыми-сараптамалық кеңес (25 адам) құрылды. Ғылыми-сараптамалық кеңестің шешімімен жалпыұлттық маңызы бар қасиетті 100 нысан, жергілікті маңызы бар - 500 нысан тізімінің жобасы анықталды.

Қасиетті орындар Қостанай облысында да көптеп кездеседі. Соның бірі – Екідің ауылындағы (Сарыторғай ауылы деп те аталады) қос дің.

Екідің ауылына жақын жерде осы елді мекенге атау берген, сфера пішіндес тастан салынған екі ежелгі құрылыс орналасқан. Академик Ә.Марғұланның дерегі бойынша, ерте темір дәуіріне жатқызылатын, Қазақстан аумағында сирек кездесетін "айтас" немесе "дің" деп аталатын киіз үй тәріздес бұл құрылыстар ежелде қасиетті салттарды орындауға арналған мүмкін. Жергілікті аңыздар бойынша, ХVІІ - ХVІІ ғасырларда діңдер орналасқан төбелердің арасындағы алқапта қанды шайқас болған еді. Ескерткіштердің бірі Қараторғай өзенінің сол жағасынан 0,73 км арақашықтықта орналасқан. Екіншісі төбе басында орналасып, алыстан көрінетіндіктен бағдар ретінде пайдаланылады. Ең қызығы, әлі күнге дейін жап-жаңа күйінде сақталған.

 

Бұл орынның киелі және сакралды саналуы бекер емес. Тарихшы ғалымдардың пайымдауынша, бастапқыда діңдер сакралды, салттық міндетке ие болған. Екі дің бір-бірінен 3-4 шақырым қашықтықта орналасқанымен. Діңдер түрлі төбенің үстінде орналасқан. Біріншісі Бейсен қыстауынан солтүстік-батысқа қарай, Қараторғай өзенінің сол жағалауында, ал екінші дің өзен жағалауынан ары, солтүстікке қарай, басқа төбеде орналасқан.

Жергілікті аңыздар бойынша, ХVІІ – ХVІІІ ғасырларды діңдер орналасқан екі төбенің ортасындағы жазықта екі жауласушы рудың арасында қантөгіс шайқас өткен. Ал олардың қолбасшыларының ордалары дәл осы діңдердің жанында болған. Бұл шайқастың нәтижесі белгісіз, алайда тарихшылардың айтуынша, бұл жерде мұндай қақтығыстар көп болған. Діңдердің өзі талай мыңжылдықтар бойы тұр. Мұндағы жазықтар және діңдер орналасқан төбелер жергілікті адамдар арасында құпия мен жұмбаққа толы, сакралды орын болып саналады.

Ел арасында кең тараған тарихи дерекке сенсек, бұл көне құрылыстар исламға дейінгі дәуірде діни маңызға ие болған. Ал қазақ этносының пайда болуы кезеңінде, яғни IX – XI ғасырларда олар тек сакралды орын ғана емес, сонымен қатар баспана және қорғаныс нысаны ретінде де белсенді түрде қолданылған. Діңдердің үстіңгі бөлігін шеберлікпен жасалған ойық аяқтайды, ол түтін тартқыш болып саналған. Шайқас кезінде діңдер қазақ сарбаздары үшін шолу мұнарасы ретінде қызмет еткен. Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» мұражайы директорының орынбасары Асхат Қасенов былай дейді: «Ол заманда жақындап келе жатқан жауды көрген қазақ жауынгерлері халықты ажалдан аман қалдыру үшін қауіп жағдайында шұғыл түрде ескертуге міндетті болған. Дәл сол мақсатта олар дің жасап, оның ішіне от жаққан. Шыққан түтінді халық алыстан байқаған, және осылайша тұрғындарға қауіптілік туралы ескерту жеткізілген».

Ал қазақтың атақты тарихшысы, академик ғалымы Ә.Х.Марғұлан бұл нысанды былай деп сипаттаған: «Табиғат байлықтары мен тарихи ескерткіштердің нағыз асыл қазынасы – көне Екідің болып табылады. Ауылға атау берген, жабайы тастан жасалған шар тәріздес екі көне құрылыс – діңдер, исламға дейінгі уақытқа тиесілі. «Үйтас» немесе «дынг» атаулары бойынша танымал Қазақстан аумағында сирек кездесетін бұл құрылыстар қазақтың көне баспанасы «шошалы» формасында тұрғызылған, және олардың салттық мәні болуы мүмкін. Пайда болған мерзімі – шамамен ерте тас дәуірі».

Діңдер бүкіл Қазақстандағы ең көне сакралды нысандар болып саналады. Бұған қоса, қайталап өтейік, тарихшыларды таң қалдыратын керемет жайт – талай ғасыр өтсе де, киелі құрылыстар жаңа тұрғызылғандай күйде сақталған. Ғалымдар арнайы сынақтар жүргізіп, діңдердің әлі күнге дейін ақаусыз жұмыс істеуге қабілетті екендігіне көз жеткізген.

Бабаларымыз қолға найза ұстап, арғымақ мініп, арындаған көне заманнан бері қарт Торғайдың тарихы күрмеуі көп, қилы оқиғаға толы. Халқымыздың басынан кешкен күрделі кезеңдер мен елдің рухани даму жолында үлкен рөл атқарған бұл өлкенің алатын орны бөлек. Біздегі тарихиорындар бұнымен шектелмейді. Биыл қазақ руханиятына жылы леп әкелген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі картасы» жобасына Торғай өңірінен де бірқатар қасиетті жерлер мен ескерткіштер енді. 

Құпиясы мол геоглифтер, Жәуке батыр кесенесі, Әбдіғаппар хан мәңгі тыныстаған мекенмен, Кейкі батыр кесенесі келер ұрпақ тәу ететін орын болып қала бермек. Бұның бәрі келешекке амант. Туған жер тарихын біліп, оны насихаттап жүру перзенттік парыз.

Мәселен, біз сөз еткен екі дің тұрған жер – ержүрек Төлек Жәуке ба­тырдың атақонысы. Батырдың кесенесі де еліміздің киелі орындарына кіріпті. Бабамыз 1822 жылы туып, 1904 жылы Сарыторғай өзенінің бойындағы атамекені – Ақшы­ғанақта қай­тыс болады. Ол – Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы күрескен қаһарман. 1838 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесарының көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түсіп, Жәуке батырдың сарбаздары бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алуда да көзсіз ерлік көрсеткен. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы мен сенімділігі арқасында Кенесары Қасымұлы Торғайды қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі. Жәуке батыр Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болған. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген. 1994 жылы батырдың елі мен ұрпақтары бабамыздың 175 жылдығын атап өтіп, Ақшығанақтағы бейітінің басына жаңадан кесене тұрғызды.

Дәл осылай құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлы «Әбдіғaпар хан» атты тол­ғауында жырлапты. Казақ­станның киелі орындар картасына еніп отырған Әбдіғапар ханның кесенесі Арқалыққа қарайтын Қараторғай ауылдық окруігіндегі Көртоғай елді мекенінде орналасқан. Атамыз 1870 жылы бұрынғы Торғай уезі Қараторғай болысында өмірге келген. Ұлы атасы Нияз би Абылай ханның бас билерінің бірі болған. Әбдіғапар – жасынан ағаштан ою ойып, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған кісі. Ол – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі. Сол дауылды жылы Жалдама өзенінің бойында 13 болыс елдің өкілдері жиналып, құрылтай өткізеді. Сонда жұрт Әбдіғапарды хан көтеріп, атақты Иман батырдың немересі Амангелдіні бас сардар етіп сайлады. Әмір атамыз ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрған. Ол өзін хан деп атамай, әмір деп есептеген. Әдіғапар атамыздың өмірі өте күрделі. 1919 жылы 21 қарашада Зәуре қопасында қызылдардың қолынан қаза табады. Туыстары сүйегін өзінің атамекені Көртоғайға әкеліп жерлейді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атамыздың есімі толық ақталып, басына ақ мәрмәр күмбез орнатылды.

Биылғы еліміз үшін болған үлкен оқиғалардың бірі деп 1916 жылғы Торғайдағы ұлт­­-азаттық көтерілістің қаһармандарының бірі, құралайды көзге атқан мерген Кейкі Көкембайұлының бір ғасырға жуық жат жерде сақталып келген бас сүйегі елге оралғандығын айтпай кетуге болмас. Әйгілі жаужүрек батыр Амангелді Иманов пен Әбдіғапар ханның жорықтағы серігі болды. Өзінің бірге жүрген үзеңгілестерінің тосын өлімінен кейін мерген кеңес өкіметіне қарсы шығады. Ақыры, 1923 жылы көктемде оны қызыл отрядтың жандайшаптары әйелімен бірге азаптап өлтіреді. Қанды жендеттер батырдың басын кесіп алып, Торғайдың орталық алаңына іліп қояды. Содан кейін оны заттай дәлел ретінде Орынборға жіберді. Кейіннен оны Санкт-Петерборға алып кеткен.
Батырдың бас сүйегі осы қыркүйек айында Амангелді ауданының Тасты ауылының қырындағы Жалдама-Арқалық тас жолының маңынан са­лынған, биіктігі 15 метрді құра­ған зәулім кесенеге жер­ленді. Айтулы шараға ҚР Мем­лекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған лауазымды тұлғалар қатысты. Кейкі батырдың кесенесі де «Киелі Қазақстан» жобасына кірді.

Маржан АЛПЫС

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев