Ұлттық өнердің үздіктері анықталды

25 июня 2018 - Веб-редактор
article16976.jpg

 Оған Қазақстанның барлық өңірінен және алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыз қатысады. Олар дәстүрлі ән, терме, күй аталымдары бойынша өнерлерін ортаға салып, өзара бақ сынайды. Қатысушылар бұған дейін аудан-қала бойынша іріктеу кезеңінен өтіп келгендер. Айта кетейік, екінші рет ұйымдастырылған шоқтығы биік, деңгейі жоғары байқауда бағын сынағандар қатары биыл өткен жылға қарағанда әлдеқайда көп. Аймақтың 200-ден астам елді мекенінен 1300 үміткердің арасынан үздіктерді анықтау үшін қазылар алқасынан құралған топ жер-жерді аралап қайтты.

 «Мен – қазақпын» деген қазақ халқының басқа ұлттардан артықшылығын, астамшылдығын, үстемдігін көрсетпейді. Қайратын жанитын, жігерін қайрайтын ұран сөз. Қазақтың намысын ояту әр дәуірдің жыршыларының бізге жеткен ұранды, жалынды сөздерінен белгілі. Сол себепті, былтырдан бері жалауын көтерген халықаралық мегажоба әр қазақ отбасы қалт жібермей көретін өнер додасына айналды.

– Кешегі Керей мен Жәнібек, Абылай мен Кенесары хандардың, олардың тұсындағы би-жырау, ақындардың заманынан бастап, одан кейінгі буынның аузынан «Алаш», «Қазақ» ұғымдары өшкен емес. Тіпті, «Оян, қазақ!», «Ұйықтама, оян, Алашым!» деп ұран салған Міржақып, Нұржандардың жолын Жұбан Молдағалиевтер «Мен қазақпын» деп жалғады. Қызылордада туса да, біздің жерлесіміз атанған Сейітжан ақын Бекшентайұлы «Заманның кешегі өткен бәрі де артық, Өткенге қарамаушы ек көз алартып. Иоанның түсіп кеттік тәртібіне, Ойнайды жас балалар карта тартып» дейді. Сол ивандардың тәртібінен құтылып, рухани жағымыздан қайта дәуірлеп жатқан тұста «Мен қазақпын» деп өз ән-күйіміз бен жырымызға төр бергеніміз – бабадан келе жатқан жаңғырықты жалғастыру, – дейді белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет.

Тобыл-Торғай төңірегінін өнерпаздарына облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Мұхаммеджанов, белгілі әнші Манапбек Қадыров пен дирижер Назымбек Молдахметов қазылық жасады. Байқау шарты бойынша облыстық іріктеу кезеңінде әр орындаушыға екі шығармадан орындау тапсырылған. Әр аймақта өтетін өнер додасында сол өңірдің өз тумаларының ән-терме, күйлерін нақышына келтіріп жоғары деңгейде орындауы айрықша ескерілетін жайт. Сол себепті, бұл жолы халық және халық композиторларының шығармаларынан бөлек, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан өнер иелерінің мұраларынан орындау ұмыт қалмаған. Нұрхан Ахметбековтің «Торғайға арнауы» мен «Торғайдан сәлемі», Серікбай Оспановтың «Хан Кене», Айтбай Мұздахановтың «Тархан баба», Ерлан Нұрманғалиевтің «Шашу», Айбек Қалиевтің «Мен қазақпын» ән-жыр, күйлері көрерменнің ықыласына бөленді.

Сонымен, 23 үміткердің арасынан үздіктері таңдалып, келесі кезең – Астанаға жолдама алды. «Терме» номинациясы бойынша жас өнерпаз Нұрсұлтан Қасым жеңімпаз атанып, репсубликалық кезеңге өтті. «Үздік дәстүрлі әнші» атағын Қостанай облысына белгілі әнші Талғат Молдағалиев жеңіп алды. Ал Арқалықтан Ерлан Шәкіров «Күй» номинациясы бойынша алдына жан салған жоқ. Қатысушылардың барлығына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілсе, жеңімпаздарға бір-бір домбырадан тарту жасалды.

Облысымыздың өнер майталмандары Манапбек Кәдіров пен Назымбек Молдахметов бастап құрылған қазылар алқасының құрамына «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджановтың Астанадан арнайы келгенін айта кету керек. Ол Ұлттық арна мұрындық болған шараның Қостанай облысында өте жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Тобыл өңірінің таланттары сайысқа тыңғылықты дайындалғандарын, әділқазыларға ең үздікті анықтау оңай болмағанын жеткізді.

– «Men qazaqpyn» халықаралық телевизиялық мегажобасы былтырғыдай кең ауқымын сақтап қалады. Айталық, өткен жылы Қазақстанның аймаққалаларынан бөлек, Қытай, Ресей, Моңғолиядағы қандастар да Астанадағы финалдық жарыстарға жолдама алған болатын. Биыл да сол үрдіс сақталып отыр. Ал жалпы екі жыл ғана болған мегажобаның болашағы зор. Бұл бойымыздағы ұлттық кодты жоғалтпауға, болмысымызды сақтап қалуға септігін тигізеді. Алдағы уақытта аталмыш жоба қазақ халқына пайдасын тигізеді деп білемін. Ұлттық рухтың, өнердің үстемдік құруы – жақсылықтың нышаны. Бүгінгі жеңімпаздарға Елорда төрінде де облыстың намысын биік көтеріп қайтуына тілектеспін, – деді байқаудан кейін өткен брифингте Еркін Таңатқанұлы.

«Men qazaqpyn» халықаралық мегажобасы талай дүлдүлдердің басын қосқан өнер додасына айналды. Бұған Қазақстанның, Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен тек үздіктері келіп қатысады. Сондықтан аталмыш сайыста топ жару әр өнерпаз үшін үлкен жетістік. Жыл сайын жобаның беделі артып келеді.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы Нұрсұлтан Қасым республикалық кезеңде Тобыл-Торғай намысын қорғауға бек дайын отыр. Оның айтуынша, ол жас болса да, бұған дейін де талай үлкен сахнада өнер көрсеткен. Сондықтан, жүлделілер қатарынан көрінуге ниетті.

-Мен қазақтың қара домбырасын бала күнімен жаныма серік еттім. Торғай жыраулар мектебінен тәлім алып, бәрін меңгеріп алуға тырысып келемін. Мен өнерлі отбасында дүниеге келгенмін, бәлкім содан болар осынау өнер бойыма ана сүтімен дарып, жемісін көріп жүрген жайым бар. Мақсат – қазақ өнерін биікке көтеру. Ал «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасы аясында Тобыл-Торғай өңірінің намысын қорғап, біздің жақта да текті өнердің төресі терменін бар екенін дәлелдеу. Үлкен сахнаға шығып тұрғаным бір бұл емес, талай республикалық байқауларда бақ сынап, жеңіс тұғырына көтерілдік. Дегенмен, әлі үйренерім көп, бәрі алда деп білемін. Жас болсам да бас жүлдені беріп, облыс намысын сеніп тапсырған әділ қазылар алқасына мың алғыс. Мұндай сенім кез келген өнерпазды одан сайын арқаландыра түседі,дейді «Терме» номианциясының жеңімпазы Нұрсұлтан Қасым.

Осынау жобаның облыстық кезеңінің өтуіне мұрындық болған, әділ қазылар алқасында отырып, өнерпаздарға төрелік жасаған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов байқаудың барысына тоқтала кетті.

-Тобыл-Торғай даласы әманда дарынды азаматтарға бай. Бізге мықтыны анықтау оңайға соққан жоқ. Бұл өнерпаздар әбден шыңдалған, қазақ өнерін тегіс меңгерген жандар. Оның үстіне, аудандық кезеңнен сүрінбей өткен саңлақтар облыстық деңгейде жақсы өнер көрсетті. Сондықтан, ақылдастар алқасы кеңесе отырып, кім мықтыны таңдадық. Әрине, жарыс болған соң біреу жеңеді, біреу жеңіледі, алайда мақсат ол емес. Мақсат - қазақтың ұлттық өнерін жан дандырып, келер ұрпақтың санасына сіңіру, аманат етіп қалдыру. Ғасырлар бойы түрлі зұлматтан өтіп, бізге жеткен бабалар амантын бізде өскелең ұрпаққа аман-сау жеткізуіміз керек. Қазақ «аманатқа қиянат жасама» деп үйретеді баласын. міне, біз соны жалғаймыз,-дейді Е.Қалмақов.

Еркін ТҰРСЫН

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев