Бүгін – көрісу күні!

14 марта 2016 - Веб-редактор
article9715.jpg

Көрісу немесе амал мерекесі. Ықылымнан келе жатқан киіз туырлықты қазақтың дәстүрлі мерекесі. Ұлыстың ұлы күнінің бастамаларының бірі деуге әбден болады. Алты ай қыстан шыққан ел жер көбесі сөгіліп, табиғат бусанған осынау бір сәтте жасы кішілер жағы үлкендердің алдынан шығып жамырай қауышатын шағы.

 


Өкпе-реніш, қапа көңілдің жібіп, ағайынның араздығы тарқайтын күн – 14 наурыз. Қауышу күнінде жүздескен жұрт бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрші-көлем, ағайын-туыс бір-бірін қонаққа шақырып, дастархан жаяды.

 


Көрісу – тек қана амандасу не болмаса қауышатын сәт қана емес, үлкендерге жастар тарапынан көрсетілетін ілтипаттың тасыған шағы. Осы арқылы қазақ шіркін жас буынды тәрбиелеген. Яғни, тек бір күнмен шектелмей, алыстан ат шалдырып келген адам ауылға кірісімен, әуелі үлкендерге, ақсақал, қарасақалдарға амандасуы шарт. Қарияның амандығын білмеген көргенсіздің нақ өзі аталып, бар беделден айырылған. Ал, ағайын, көрісу күні құтты болсын! Ғұмырларыңыз келісті, әрі ұзақ болғай!

 


Нұрқанат НҮСІПХАН

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео