Әлеуеті артқан Арқалық

30 ноября 2017 - Администратор
article15458.jpg

 

Жуырда баспасөз орталығында Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин БАҚ өкілдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың он айдағы қорытындысын баяндады.

 

Қаладағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласының табысы өткен жылғы көрсеткіштен сәл төмен. Айталық, өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд 887 млн теңгеге сай болды, яғни былтырғыдан бір млдр теңгеге кем. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы өткен жылғыдан шамамен 2 млрд теңгеге кеміген, яғни 10 млрд 899 млн теңгенің маңайы. Бірақ, осыған қарамастан, қала экономикасы төрт аяғын тең басты деуге болады. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы істер өрге жүзіп келеді. Арқалықта шағын және орта бизнес субъектілерінің 2065 бірлігі тіркелген: 1627 жеке кәсіпкер, 313 шаруа қожалығы және 125 бірлік заңды тұлға бар. Қала бюджетіне осы субъектілерден түсетін салық 67%-ға жеткен.

 

Ал "БЖК 2020", "Қос Қолдау", Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, "Атамекен Қостанай" ҰП, ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету Қоры арқылы 24 кәсіпкерге 126 млн теңге демеу көрсетілген. Соның аясында 60 жаңа жұмыс орнының ашылғанын айта кетейік. Қала әкімінің баяндауына қарағанда, өзге де маңызды салалар былтырғы көрсеткіштерден үстем түсудің сәл алдында тұр. Атап айтқанда, жылға шақталған тұрғын үй құрылысы жоспары 98,8%-ға орындалған. Ал қала капиталына құйылған инвестиция – 2 млрд 201 млн теңгеге шақ. Оның нақты көлемінің индексі 82,1% артыпты. Әлеуметтің әл-ауқаты үшін жыл ішінде істелген шаруаларға да қорытынды шығарылды. 1203 адам жұмыспен қамтылған. Жіктей айтқанда: тұрақты жұмысқа 395 адам орналастырылды; әлеуметтік жұмыс орындарына 184 азамат жіберілген; қоғамдық жұмысқа қатысқандар саны – 311; жастар тәжірибесінен 63 адам өткен; қысқа мерзімді кәсіпкерлік оқуға 155 адам жіберіліп, 14-і шағын несие алды; 56 жан инфрақұрылым жобалары бойынша қос қолға бір күрек тапты; аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 22 адам жұмысқа кірген; "Агробизнес-2020" бағдарламасы бойынша 3 арқалықтық нәпақа тауып отыр.

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии