«Амангелділіктер» газетті сүйіп оқиды

25 апреля 2017 - Веб-редактор
article13577.jpg

Аудан тұрғындары «Костанай-Агро» басылымын жыл сайын жаздырады. Сондықтан ондағы әр оқырман пікірі біз үшін маңызды. Өңірдегі таңдаулы газеттің өзге басылымдардан ерекшелігі туралы оқырмандар төменде толықтай әңгімелеп берді.  


 

Тұмар Бимағамбетова, Амангелді аудандық «Досжан» сауда үйінің және көкөніс қоймасының иесі:

 

– Біз 20 жылдан бері бау-бақша егумен айналысып келеміз. Онда жемістің, көкөністің барлық түрін егіп, одан алған өнімді тез арада сатып жіберуге тырысып жүрдік. Себебі, оны сақтайтын орын болмады. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауға қатысып, мемлекеттік грант ұтып алдық. Содан соң, көптен көкейімізде жүрген көкөніс қоймасын ашуға қолымыз жетті. Ол ауданымыздағы жалғыз, әрі ірі қоймаға айналды. Міне, осы кәсібімізге қажет ақпараттарды «Костанай-Агро» газетінен оқимыз. Аталмыш басылым облыстағы ауыл шаруашылық саласындағы соңғы жаңалықтарды жариялап тұратын бірден-бір газет. Бастапқыда бұл басылымды атамыз жаздырып алып жүрді. Кейіннен бау-бақша кәсібіне бізде көшкеннен соң , ашып қарайтын болдық. Бұл ауыл шаруашылық жұмыстарымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп жүрген өзіміз сияқты адамдар үшін таптырмас құрал деп білемін. Ауқымды тақырыптар газеттің атауына сай болғанымен, мұнда біз ести бермейтін жаңалықтар, пайдалы кеңестер, бос уақытта шешетін сөзжұмбақтар да кездеседі. Оның өзгелерінен ерекшелігі әртүрлі тақырыптардағы мақалалардың екі тілде жариялануында деген ойдамын. Себебі, мұндай газеттер облысымызда сирек кездеседі. Қоймаға сақтайтын жеміс-жидек, көкөністерді біз Қостанайдан алып келеміз. Газетте осы тақырыпқа сай, олардың бағалары туралы, сапалысын қайдан алуға болатыны жайлы қажетті мақалалар да кездесіп жатады.Сондықтан газеттің барлық сандарын қалдырмай оқимыз. Жалпы, біздің өңір егін егу, мал шаруашылық салаларын қамтығандықтан бұл басылымға қалдырмай жазылып отырулары тиіс. Алдағы уақытта газет беттерінен жеміс-жидек, көкөністерден жасалатын салат түрлері мен құрамы туралы ақпараттар жарияласаңыздар жақсы болар еді.

 

 


 

Гүлім Сейтқалиева, Амангелді аудандық «Қаламқас» балабақшасының директоры:

 

– «Костанай -Агро» газетін ауданымызда жаздырып алмайтын адам кемде-кем шығар. Ауыл шаруашылық тақырыбындағы мақалалардың өңіріміздегі азаматтарға пайдасы зор. Себебі, көбісінің жеке шаруа қожалықтары бар. Ал бұл газетте сондай тақырыптардағы соңғы жаңалықтарды оқуға болады. Тек агроөнеркәсіп саласынан бөлек, облыста, республикада болып жатқан жаңалықтардан құлағдар етіп отырады. 24 беттен тұратын басылымнан жаныңа жақын кез келген ақпаратты оқи аласың. Қазіргі ғаламтордағы сайттардың дамыған заманында бұл газетте заман көшінен кейін қалмай, барлық ғаламтор желілеріндегі беттеріне жедел ақпараттар жариялап тұратындығынан хабардармыз. Кейде газетті алуға мүмкіндік болмай жатса, ғаламтордан қараймыз. Дегенменде, газеттің бетінен сол ақпаратты оқыған басқаша көрінеді. Жалпы, газет – жаңалық жаршысы, ақпарат көзі. Бүгінде өңірде орын алып жатқан жаңалықтардан құр қалмауға тырысамыз. Ондайда «Костанай-Агро» басылымының пайдасы көп.

 


Ақбота САҚҰЛОВА
суреттерді түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео